Бүгін: 26.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ЕЛІМІЗ ҮЛКЕН САЯСИ ЖӘНЕ ТАРИХИ МАҢЫЗДЫ ОҚИҒА – ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ ҚАРСАҢЫНДА ТҰР. ОСЫ ОРАЙДА АЗАМАТТАРДЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН БОСТАНДЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ, МЕМЛЕКЕТТІК-ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚҰРЫЛЫМДАРДЫҢ ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫС ІСТЕУІ ҮШІН ҚАЖЕТТІ ЖАҒДАЙЛАРДЫ ҚҰРУ, ІШКІ САЯСИ ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН ҚОҒАМ БІРЛІГІН САҚТАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЕРЕКШЕ МӘНГЕ ИЕ.

Бұл үрдісте құқық қорғау жүйесінің маңызды институты ретінде прокуратураның рөлі айрықша көрінеді. 1991 жылғы 6 желтоқсанда «Қазақ КСР прокуратурасы органдарының бірыңғай жүйесін құру, олардың дербестігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы» Жоғарғы Кеңес Төралқасының қаулысы қабылданып, бұл Тәуелсіз Қазақстанның қадағалаушы органдары құрылуының тарихи күні болды.

Осылай прокуратура органдарының тарихында мемлекеттік органдар жүйесінде қазіргі прокуратураның рөлін жаңа деңгейге көтерген, оның қызметін жаңа мазмұнмен толықтырған жаңа кезең басталды.

Елдегі азаматтардың құқығы мен бостандығын, заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің мүддесін қорғайтын, егер бұзылған жағдайда қалпына келтіруге қауқарлы орган – прокуратура екенін жақсы білеміз.

Саран қаласының прокуратурасы Қазақ КСР прокурорының бұйрығымен сонау 1955 жылы құрылған болатын. Сол құрылған сәтінен бастап шаһардың ең басты бақылаушы органына 19 прокурор басшылық еткен екен.

Саран қаласының ең алғашқы прокуроры болып А.С. Разживин тағайындалады. Аталған лауазымда ол 1955 жылдан бастап 1958 жылға дейін еңбек етеді. Содан кейін 1958 жылы қала прокуроры болып Искаков Алданғор Искакұлы тағайындалады. Алданғор Искакұлы зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Қарағанды облыстық прокуратурасының Ардагерлер Кеңесінде белсенді жұмыс жасап, прокуратура саласына елеулі еңбек сіңірді.

Шаһардағы прокуратура саласының дамуына сүбелі үлес қосқан жандардың бірі, 1960-1975 жылдар аралығында прокурор қызметін атқарған Кудимова Любовь Николаевнаны да ерекше атап өткіміз келеді.

Бұдан бөлек қалалық прокуратураға 10 жыл уақытын арнап, аталмыш органның дамуына ерекше үлес қосқан жандардың бірі деп Саран қаласы прокурорының орынбасары міндетін атқарған Секишев Асқар Асанханұлын айтсақ болады. Қазіргі уақытта Асқар Асанханұлы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жанындағы Құқыққорғау органдары Академиясында профессор болып қызмет етіп жатқан жайы бар.

Тізбектеп атап өтетін болсақ, Любовь Николаевнадан кейін прокурор қызметін 1976-1978 жылдар аралығында М.В. Пичигин, 1979-1981 жылдар аралығында Т.А. Ашляев, 1982-1987 жылдар аралығында С.Н. Дубин, 1988-1991 жылдар аралығында А.И. Тыщенко, 1991-1993 жылдар аралығында И.Д. Меркель, 1993-1995 жылдарда Б.К. Кемельбаев, 1996-2000 жылдар аралығында Б.Т. Имашев, 2000-2002 жылдар аралығында Н.Д. Адамбеков, 2002-2004 жылдарда Т.Б. Уалиев, 2004-2008 жылдарда К.А. Есимов, 2008-2009 жылдарда Е.Б. Байтоганов, 2009-2013 жылдарда Б.М. Ахметжанов, 2013-2016 жылдар аралығында А.А. Куляшкин, 2016-2017 жылдарда А.С. Жукенов атқарды.

Ал 2017 жылдан бастап күні бүгінге дейін қала прокуроры қызметін Калиакпаров Марғұлан Климұлы атқарып келеді.

Үстіміздегі жылдың 6 желтоқсанында Қазақстан прокуратурасы өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өткен-тін. Осы орайда Саран қаласының прокуроры Марғұлан Калиакпаровпен сұхбаттасудың сәті түскен болатын.

Саран қаласының прокуратурасы бұған дейін жергілікті тұрғындардың талап-тілегін қанағаттандырып, орын алған заңсыздықтардың жолын кесуде талмай еңбек етіп келеді. Ата заңдағы бұлжымас пәрменді орындауда кешегі қазақ билерінің турашылдығын, әділдігін бетке ұстап, тұрақтылық пен келісімнің келбетін келтірген шенділердің атқарып отырған шаруасына халық дән риза. Бұдан бөлек елде төтенше жағдай жарияланғанда індеттің таралуын тоқтатуға да ерекше үлес қосқаны тағы бар. Осы және прокуратура ісіне қатысты өзге де тақырыптар жайында қала прокуроры Марғұлан Климұлын әңгімеге тарттық.

Марғұлан Климұлы, құқық қорғау саласы мен Ата заңның бүтіндігін, оның орындалуын іске асыруда прокуратураның рөлі қандай?

– Конституция – бұл мың жылдық тарихы бар қазақ халқының қоғамда тәртіп орнату барысында даналықпен ойлап тапқан ережелер жинағының заманға сай өзгеріп, жарыққа шыққан заманауи түрі. Ал біздің міндет – қоғамда әділдік орнауын қадағалап, сотта заңға қайшы істердің орын алуына жол бермеу. Сонымен бірге кез келген заңбұзушылықты анықтап, оны болдырмау, қажет болған жағдайда белгіленген тәртіпті, жазаны жүзеге асыру прокуратураның қызметтік міндеті саналады.

Біз де қаладағы мемлекет тарапынан іске асып жатқан бағдарламалардың нақты жүзеге асуын, тұрғындардың бостандығының, азаматтық құқықтарының, кәсіпкерлік мақсаттағы мүмкіндіктерінің бұзылмауына барынша қадағалап отырмыз. Сонымен бірге ел экономикасының қарыштап дамуына, әрқашан тыныштық мен қауіпсіздіктің үстемдік құруына мүдделіміз.

– Қоғам болғасын сан түрлі адам кездеседі. Саран шаһарында да аракідік заңбұзушылықтар орын алатыны рас. Мұндай мәселелерді қалай шешесіздер? Көбіне тұрғындар қандай жағдаймен шағым түсіреді?

– Прокуратураның Ата заңда көрсетілген кез келген мәселемен айналысатыны, аққа жақ екені өздеріңізге мәлім. Сол себепті қалалық прокуратураға әділдік іздеп, заң аясында көмек сұрап келетін тұрғындар қарасы қалың. Олар көбіне құқықтарының бұзылғандығына, заңды мүдделерінің еленбегеніне шағымданады. Мәселен, былтырғы жылмен салыстырғанда, биыл Саран қаласында заңбұзушылық көрсеткіші едәуір төмендеді, нәтижесінде біз 240 миллион теңгеден астам қаржының бюджетке қайтарылуына себепкер болдық.

Ал тұрғындардан түсетін өтініш, шағымдарға келетін болсақ, бүгінгі таңда прокуратураға өтініш берудің халық үшін бірнеше тәсілі ұсынылып отыр. Қазір азаматтар мен заңды тұлғалардың өкілдері өздерінің өтініштерін халыққа қызмет көрсету орталықтары, «Қазпочта» АҚ пошталық бөлімшелері, қала прокурорының блогы, Е-Өтініш немесе «Электронды Үкімет» порталдары немесе тікелей прокуратура органдары арқылы, оның ішінде прокурордың жеке қабылдауы кезінде бере алады. Бұл өтініш беру тәсілдерінің кейбірі халық үшін өте ыңғайлы әрі пайдалы, одан бұрын уақыт пен материалдық қажеттілікті үнемдеуде көмегі зор. Бірақ ең бастысы – азаматтардың құқығы бұзылған жағдайда жедел әрекет етуге, оларға қажетті ақпаратты тез әрі ыңғайлы түрде беруге жағдай жасайды. Бұның барлығы азаматтардың қадағалау органына өтініш білдірудегі тиімді тәсілі деп атайды. Кез келген адам, шынында да, үйден шықпай-ақ өзінің ақшасы мен уақытын үнемдей отырып, прокуратураға өтініш бере алады.

– Қазіргі  уақытта қоғамдағы кез-келген саланы жетілдіру жаңа технологияларсыз жүзеге аспайды. Отандық қылмыстық процесте қандай заманауи механизмдер қолданылады?

– Қазіргі таңда құқыққорғау органдары үш буынды модельге көшкен. Үш буынды модель барлық дамыған елдерде қолданылады. Осындай модель бойынша қылмыстық процеске полиция, прокуратура және сот сияқты үш буын жауап береді. Аталған құрылымдардың өкілеттіктері өзара нақты айқындалған.

Полиция қылмыстарды және оған қатысы бар адамдарды анықтайды, дәлелдер жинайды. Прокурор Конституцияның 83-бабында көзделген конституциялық өкілеттіктері аясында жиналған дәлелдемелерге тәуелсіз баға береді, азаматтардың құқықтарын бұзудың жолын кеседі, адал азаматтарды қылмыстық процеске тартуға жол бермейді, сотта айыптауды қолдайды. Сот тергеу сатысының өзінде, соның ішінде прокурордың адам құқықтарын сақтауын бақылайды, ал қарау нәтижесі бойынша барлық дәлелдерді бағалап, түпкілікті үкім шығарады.

Міне, осы іс-әрекеттердің барылығын біз онлайн форматта атқара аламыз. Яғни, қандай бір іс болатын болса, ол электронды жүйеге енгізіледі. Ал онда сіз енгізген затыңызды еш өзгерте алмайсыз. Мәліметтер қалай салынды, солай кетті. Міне біз осы жүйелер арқылы қандай да бір істің заң шеңберінде орындалуын бақылап, қадағалай аламыз. Яғни, бәрі ашық, көрініп тұрады. Тергеуші қандай да бір істі енгізетін болса жаңағы жүйеге, прокуратура қызметкерлері оны сол жүйе арқылы көріп, қадағалап отырады.

– Кәсіпкерлер жайына да тоқтала кетейік. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес 2023 жылға дейін кәсіпкерлерге тексеру жүргізуге мараторий жарияланды. Бұл тұрғыда не айтасыз?

– Кейде өз басын қорғауды білмегендіктен құқығы бұзылатын кәсіпкерлер кездеседі. Заңды белінен басатын лауазымды тұлғалар да бар. Біз кәсіпкердің алаңсыз еңбек етуіне кедергі келтіретін, талапқа қайшы әрекеттердің орын алуына жол бермейміз. Осы тұста қалалық прокуратура жанынан кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөнінде мобильді топ құрылғанын айта кетейін. Мұндағы сенім телефоны тәулік бойы жұмыс істейді. Кәсіпкерлер заңсыз тексеріс бойынша немесе басқа да күмәнді жағдайға ұшыраса хабарласуына болады. Біз заң аясында қолдан келетін көмектен аянып қалмаймыз.

– Кәсіби мерекеге орай әріптестеріңізге жылы лебізіңіз...

– Әріптестерге тілек біреу ғана: өз қызметіне адал болу. Себебі, бізге, құқығы тапталып, жапа шеккендер бізден пана іздеп келеді. Оларға көмек көрсету – кәсіби міндетіміз ғана емес, адамгершілік парызымыз. Әрдайым елімізде тыныштық, береке болғай.

– Әңгімеңізге рахмет. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!

  

Сұхбаттасқан

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ