Бүгін: 26.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ЖЫЛ САЙЫН ҚАЛАМЫЗДА ТАБЫСТЫ ҒЫЛЫМИ, ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ, КӘСІБИ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ ҮШІН ҚАЛАНЫҢ 14 ПЕН 29 ЖАС АРАЛЫҒЫНДАҒЫ ЖАС ТҰРҒЫНДАРЫНА ҚАЛА ӘКІМІНІҢ «ҚЫРАН» ДӘСТҮРЛІ СЫЙЛЫҒЫ ТАБЫСТАЛЫП КЕЛЕДІ. АЙТУЛЫ ШАРА ОСЫ ЖЫЛЫ ДА ЖАЛҒАСЫН ТАУЫП, МӘДЕНИЕТ ҮЙІНДЕ СЫЙЛЫҚТЫ ТАБЫСТАУ РӘСІМІ ӨТТІ.

Оған шағын шаһардың кәсіпорындары мен мекемелерінің қызметкерлері, еңбек ардагерлері, жастар, қала жұртшылығы қатысты. Айта кетерлігі байқау биыл осымен тоғызыншы мәрте өткізіліп отыр. Осы уақыт аралығында кенді өлке Саран шаһарының 89 тұрғыны лауреат атанған екен. Тек 2 жыл карантиннен кейін алғашқы рет салтанатты түрде  ұйымдастырылып отырғаны болмаса. Бір ерекшелігі биылғы салтанатты марапаттау рәсімі тұғыры биік Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мен сол отыз жылдық тәуелсіздік үшін елеулі еңбек етіп, еңселі жол салып кеткен Елбасы – Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналды.

Қыран сыйлығы «Денсаулық сақтау саласының жас қызметкері», «Мемлекеттік тіл – болашағым», «Отан қорғаушы», «Жас спортшы», «Жас талант», «Жас кәсіпкер», «Жас жұмысшы» және «Жас маман» сынды сегіз аталымдардан тұрды.

Мұнда Саран қаласының дамуына үлес қосып жүрген нағыз таланттармен өз ісінің майталман шеберлері марапатталды.

Саран қаласының әкімі Ержан Темирханов салтанатты шараға қатысушыларды мерейлі мерекелерімен құттықтап, еліміздің жылдар желісіндегі жетістігін атап өтті.

- «Қыран» премиясы біздің қаламызда жыл сайын өтуде. Осы жылдар ішінде қаншама 80-нен астам жастарға мотивация бердік. Әркім өз саласы бойынша жетістікке жетуге ұмтылуда. Бұл біздің Тәуелсіз еліміздің даму жолындағы қадамдар. Биылғы жылы ерекше жыл. Өйткені Тұңғыш Президент күні 10 рет тойлануда, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Үлкен мереке. Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін, - деді шаһар басшысы Ержан Оралұлы.

Биылығы  жылмен қосқанда 89 жастың еңбегі еленіп, есімі аталды. Олардың арасындағы ең жасы - Артем Ким. Ол Саран қаласындағы Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы. Мемлекеттік  тілде еркін сөйлейді. Қазақ тіліне деген сүйіспеншілігі мен құрметі ерекше. Тағы бір атап өтетіндігі, Артем ұлттық аспабымыз домбыраның да құлағын шерер ойнап, қазақтың ұлттық өнерін дәріптеп жүрген жәйі бар. Артем «Мемлекеттік тіл - болашағым» номинациясының жеңімпазы.

Келесі жеңімпаз – Манас Әспенғазиев. Манас үшін «Жас кәсіпкер» номинациясындағы жеңіс күтпеген жағдай болды. Өткен жылы ол «Идеядан шынайылыққа» бизнес-жобалар байқауында жеңіске жеткен-тін. «Балапан» инкубатор станциясын ашып, Манас өз ісін дамыта бастады. Қазірдің өзінде ол Саран қаласының жас кәсіпкерлері арасында үздік атанып отыр.

Содан кейін «Денсаулық сақтау саласының жас қызметкері» номинациясы бойынша Виктория Макаренко жеңімпаз атанды. Виктория Сергеевна Қарағанды медициналық университетінің Медицина колледжін «Медбике» мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазіргі таңда «Саран қаласының арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде жұмыс жасайды. Виктория ұқыптылығымен, өз ісіне  деген жоғары талап қоюшылығымен және кәсіби біліктілігін арттыруға деген ынтасымен ерекшеленеді.

Келесі лауреат - Нұрбол Қайнарбеков. Нұрбол Қанатұлы Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің 2019 жылғы түлегі. Қазіргі таңда Саран қаласындағы «QazTehnа» зауытының «Логистика» бөлімінде жұмыс істейді. Қарағанды облысының «Сарыарқа жастары» волонтерлік корпусы жұмысының дамуына белсенді ат салысып жүрген қаламыздың маңдай алды жастарының бірі әрі бірегейі. Нұрбол Саран қаласы әкімінің «Қыран» жастар сыйлығының «Жас жұмысшы» номинациясының жеңімпазы атанып отыр.

Ал «Отан қорғаушы» номинациясында 22750 әскери бөлімінің әскери қызметкері Владимир Селицкий лауреат атанды. 22750 әскери бөлімі Ақтас кентінде орналасқан. Владимир Александрович 2014 жылы Алматы қаласының құрлық әскері институтын бітірген. Ол Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Халықаралық әскери сайыстарына, жедел-тактикалық оқу-жаттығуларына белсенді қатысып жүр. Біліктілігі жоғары «Үздік парашютист» атағына ие.

Келесі «Жас спортшы» номинациясы бойынша Данил Синяк лауреат атанды. Данил Андреевич аралас жекпе-жек түрімен айналысады. Данил бүгінгі таңда джиу-джитсу, панкратион, грэпплинг және әскери самбо сынды жекпе-жек түрлерінен спорт шеберіне үміткер. Данил жеңіске деген ынтасы мен жігері айқын көрініп тұратын бетті де белді спортшылардың бірі.

«Қыран» сыйлығының «Жас талант» номинациясы бойынша «Nur Otan» партиясы Саран қалалық филиалының консультанты Әйгерім Шәкенова жеңімпаз атанды. Әйгерім Қайыпқызы шешендік өнер, вокалдық шеберлік және мәнерлеп оқу бойынша түрлі деңгейдегі қалалық, облыстық конкурстардың жеңімпазы атанған.

Ал, «Жас маман» номинациясын Әлима Кошикова жеңіп алды. Әлима Жанжігітқызы 4 жылдан бері № 17 мектеп-гимназиясында бастауыш сынып оқытушысы болып жұмыс жасайды. Сонымен қатар, ол Евней Арыстанұлы Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің «Педагогика» факультетінде 1 курс студенті. Әлима көп уақытын өзін-өзі дамытуға, алған білімін одан әрі жетілдіруге жұмсайды. Сонымен қатар, ол белсенді түрде зерттеу жұмыстарымен айналысады.

Жеңіске жеткен әрбір қатысушыға  қала әкімінің  сертификаттары мен сыйлықтары табысталды. Салтанатты шара өнерпаздардың концертіне ұласып, жиналғандар «Елбасымен Тәуелсіздікке» кітап көрмесін тамашалады. Көрменің бір ерекшелігі – біріңғай кітаптардан «Тәуелсіздікке 30 жыл» деген жазумен әспеттелген.

  

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Фото: Камила ОСПАНОВА