Бүгін: 26.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

КӨПБАЛАЛЫ АНА «ЕҢБЕК» МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ «БАСТАУ БИЗНЕС» ЖОБАСЫ БОЙЫНША КӘСІПКЕРЛІК НЕГІЗДЕРІН ОҚЫП, НӘТИЖЕСІНДЕ МЕМЛЕКЕТТЕН ГРАНТ АЛЫП ӨЗІНІҢ АРМАН ЕТКЕН БИЗНЕС ЖОБАСЫН ІСКЕ АСЫРДЫ.

Қазақ халқының қолөнерінің бір саласы – киім тігу. Ерте заманнан күні бүгінге дейін өзінің қадір-қасиетін жоймай, қолөнерінің озық үлгісі ретінде ғана емес, әрі әсем, әрі ыңғайлылығымен де пайдаланудан қалмай келе жатқан қазақтың ұлттық киімдері  сән үлгіден шыққан емес. Оның даму тарихы еліміздің мәдениетімен, ұлттық салт-дәстүрімен тығыз байланысты. Әрбір халық үшін өзінің болмыс-бітімін айқындайтын ұлттық киімдерін ұлықтау, оның өзіндік ерекшелігін сақтау, дұрыс киіну әдебін білу маңызды. Ер адамдардың тақиялары, шапандары, нәзік жандылардың көйлектері, үкісі бар сәукелелерінің барлығы әрдайым сұранысқа ие.

Оларды дұрыс пішу, тіге білу де үлкен өнер. Өңіріміздің тұрғыны Қарлығаш Ибакова бұл саламен жақын таныс. Қыр-сырын меңгеріп, ұлттық нақыштағы киім дизайндерін әп-сәтте  денеге қонымды етіп тігіп береді. Өзі Шет ауданы, Жоғарғы Қайрақты елді мекенінің тумасы.   Көпбалалы отбасында тәрбиеленген инабатты жан.  Жастайынан қолына ине мен жіпті алып, ермек еткен.  Қызығушылықтан басталған іс кейін өмірлік  ұстанымға айналды. Бүгінде Қарлығаш Мұхитқызы  өзінің жеке кәсібінен нәсіп тауып отырған, тігу саласына үлес қосып жүрген жас кәсіптің иесі.

«Көпбалалы отбасында тәрбиелендім. Ауылдың мектебін аяқтап, Қарағанды қаласында оқуымды жалғастырдым. Көпсалалы гуманитарлы-техникалық колледжді тәмамдап, аталған оқу орнының университетіне сырттай бөліміне түсіп, ауылда өзім аяқтаған мектепке ұстаздық қызметке орналастым. Содан тұрмыс құрдым. Бүгінгі таңда Аллаға шүкір бес балам бар. 2016 жылдан бастап осы Саран қаласында тұрып жатырмыз. «Малыш» балабақшасында жұмыс істедім, қазіргі таңда бала күтіміндемін.  Жасымнан қуыршаққа киім тігіп, тоқыма тоқуды ұнататынмын. Бауырларыма мерекелік костьюмдерді үйдегі әр нәрседен қиып тігіп беретінмін», - деді кәсіпкер.

Қарлығаш Мұхитқызы  үйдің  тіршілігіне де, жұмысына да бірдей көңіл бөлуге тырысады. Көп уақыт бойы өзінің жеке кәсібін ашуға армандаған.  Саран қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұсынысымен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына барып, «Бастау Бизнес»  жобасына қатысуға шешім қабылдаған.

«Балаларым кішкентай, жұмыссыз үйде отырғандықтан, қолымнан  келетін іс жоспарымды жүзеге асыруға бел буып,  былтыр пандемия кезінде, онлайн түрде көпбалалы аналарға арналған «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Бастау Бизнес» жобасын оқып, грант алдым. Алынған қаражатқа тігін саласына керек жабдықтарымды алып, қазір Аллаға шүкір өз кәсібімді жүргізіп отырмын», - деп өз сөзінде атап өтті Қарлығаш Мұхитқызы.

Жеке кәсіпкер әр тапсырысқа асқан жауапкершілікпен қарайды. Өзінің клиенттеріне сәннен шықпайтын, ұлттық нақыштағы  көздің жауын алатын әдемі қазақтың ою-өрнектері түсірілген киім-кешектерді,  шапандарды, құрақ көрпеден бастап қыз жасауына дейін тігеді. Қазіргі трендтегі эко-былғарыдан  ақ дастарқанды да жасап бере алады. Ол жасаған жұмыстардың ішінен  темір тұлпардың тысқабын да көруге болады.  «Көз қорқақ, қол батыр» демекші, Қарлығаш қолынан келетін барлық істі жасап көруге, жаңа дүниені меңгеруден тайынбайды. Көйлектің сыртынан киілетін оюлы желеткелерді де тапсырысқа қабылдай береді.  Жеке кәсібін сәуір айында ашқанына қарамастан, бүгінде тұрақты  тапсырыс беретін адамдары баршылық.

Жеке кәсіпкердің айтуы бойынша: «Менің кәсібімнің ерекшелігі - ұлттық дүниелерімізді жаңартып заманауи үлгіде халыққа ұсыну. Қазір біршама тұрақты клиенттерім де бар. Әрине ешқандай жұмыс оңай болмайды. Әсіресе тігін саласы көп табандылықты қажет етеді. Үнемі даму үстінде болу керек. Балаларым бар, үй шаруасымен қоса тігіншілікті дөңгелету, әрине оңай емес, бірақ сүйіп істеген кәсібім өзіме ұнайды. Тапсырысты уақытымен аяқтау үшін, клиенттің сенімін ақтау үшін кей кездері түнімен жүріп іс тігетін кездерім болады. Мен әлі даму үстіндемін, болашақта халыққа қызмет істеп, келер ұрпақ ұлттық құндылықты жоғалтпай, өз кәсібімді болашақ жастарға үйрететіндей үлкен өндіріс саласын ашу мақсатымда бар».

 Асыл жар, инабатты келін, бес баланың анасы  көпшілікке еңбексүйгіштігімен, табандылығымен үлгі. «Шешінген судан тайынбас» демекші, кейіпкеріміз де әрекет түбі берекет деп, өзінің кезіндегі хоббиін кәсіпке айналдырып отырған нәзік жан.

«Тігін саласы мезгіл таңдамайды», - дейді кәсіпкер. Ол әр киімге ұлттық оюды кестелеп тігу немесе ою-өрмекті киімге басқаша түсіру арқылы әрдайым ешкімге ұқсамайтын, өзіне тән жаңа жаңартылған күйде тігілген киімдерді, тапсырыстарды ұсынуда талмай еңбек етіп келеді. «Баға жетпес әйел болу үшін үнемі өзгеріп тұру керек» – дейді, сән әлемінің ханымы Коко Шанель. Ал, ол өзгерісті  білікті маманның, дизайнердің қолына тапсырсаңыз, тіпті ғажап.

Қарлығаш Ибакованың талантты екенін оның қолынан шыққан киімдерінен, тыңғылықты ісінен байқауға болады. Бүгінгі күні бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен кәсібін дөңгелетіп отырған көпбалалы ана балабақшаға арналған форма үлгісін тігу үстінде. Ұлттық киімдерден бөлек  көп рет киілетін бетперделерді, кереуетке шақ келетін  төсек-орындарды, орындықтарға лайықталған жапқыштар, түрлі пішіндегі дивандарға келе беретін дивандектерді тігеді.

Кәсіпкер өзінің бар күшін, ынтасын сүйікті ісіне жұмсайды. Әр дайын болған тапсырысынан шабыт алады, көңіліне шаттық ұялатады. Оны тіккен заттардан, киім-кешектерден әбден байқауға болады. Тігіншілік адамды іскерлікке, икемділікке, дәлдікке баулиды, зеректілік пен ептілікке тәрбиелей түседі.  Қарлығаштың да әлі көптеген арман-мақсаттары бар. «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға», - деп хакім Абай айтқандай, көпбалалы ана да бірте-бірте өзінің мақсаттарына қол жеткізіп келеді.  Біз оған тек сәттілік тілейміз!  

Міне, осылайша, Саран қаласында шаһар тұрғындары үкіметтен шағын және орта бизнесті дамытуға көрсетілген көмекті ұтымды пайдаланып, өз кәсібін, ісін бастап кетіп, елге қызмет етуде.  Кәсіпкерге жол аша түсетін «Бастау Бизнес» жобасы көп азаматтың арманын жүзеге асыруға көмектесті. Әлі күнге дейін өз жемісін беруде. 

 

    

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА