ТАЛАЙ ӨНЕР ТАРЛАНДАРЫН ТҮЛЕТКЕН, ӨНЕР БЕСІГІНДЕ ТЕРБЕГЕН «ТОМИРИС» БИ АНСАМБЛІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ АИДА НЫСАМБАЕВА ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТӨЛ ҚҰРДАСЫ. ЕГЕМЕНДІКТІҢ АЛҒАШҚЫ ЖЫЛДАРЫ ОНЫҢ БАЛАЛЫҚ ШАҒЫМЕН ТҰСПА-ТҰС КЕЛІП ТҰР.
Тәуелсіздік құрдасы Аида Ғазизқызы Нысамбаева 1991 жылы қарапайым отбасында дүниеге келген. Асқар таудай әкесінің, ардақты анасының аялап өсірген жалғыз қызғалдағы. № 13 жалпы білім беретін мектептің түлегі. Ол жастайынан өнерге жақын жүрді. Бес жасынан бастап мың бұрала би билеп, өзге ұлт өкілдерінің әдеп-ғұрпымен, салт-дәстүрімен таныса бастады.
«Мен Ақтас кентіндегі № 13 жалпы білім беретін мектепте оқыдым. Кейін Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжін бітірдім. Колледжде оқығаннан кейін төрт жылдан соң Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті философия және психология факультетінің мәдени-демалыс бөліміне оқуға түстім», - деді Аида Ғазизқызы.
Аиданың биге деген әуестегі, икемі кішкентайынан байқалған. Баланың өнерге деген ынтасын көрген ата-анасы қыздарын бес жасында биге берген.
«Мен биге бес жасымда бардым. Сол кездегі жетекшім Бут Татьяна Викторовна болды. Кейін қысқа үзіліс алып, қайтадан биге жазылдым. Сол кезде «Томирис» би ансамблін құрған Сидоренко Анна Викторовнаның өзі жетекшілік етті. Хореографияға деген қызығушылығым, жалпы осы жолға бет бұруым да осы тұстан бастау алған секілді. Жетекшімнің айтуы бойынша хореографиялық бөлімге оқуға түстім, өнерді таңдадым десек те болады. Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығына бес жасымда келген едім. Биыл мәдени ошақтың қабырғасында жүргеніме жиырма бес жыл болды»,- деді өнер иесі.
Аида Нысамбаеваның ең алғашқы билеген биі «Растрепки» деп аталған. Ал ұлттық билер арасынан сахнада бірінші рет орыс ұлтының биін билеген. Өнерге деген қызығушылығы, махаббаты би арқылы өрбіді десек те болады. Бүгінде асқақ арманын, болашағын бишілікпен байланыстырған Аида Ғазизқызы «Томирис» би ансамблінің жетекшісі атанып отыр.
«2004 жылы 4 қаңтарда «Томирис» ансамблі құрылды. Бірінші жетекшісі - Анна Сидоренко болды. Кейін 2012 жылдан бастап мен жетекшілік ете бастадым», - деді топ жетекшісі.
Адамның ішкі рухани жан дүниесін ашатын, сұлулыққа, әдептілікке, ізеттілікке тәрбиелейтін, өмірге деген құштарлығын оятатын ерекше өнер – бұл би. Би – эстетикалық сезімталдықты қалыптастырады. Би арқылы ішкі тебіреністі, дәстүрді, адамға тән мінез-құлықты жеткізуге болады. Оны біздің кейіпкеріміз Аида Ғазизқызы жақсы біледі. Ол өзінің шәкірттеріне әнді, әуенді сезінуге, ырғақты түсіне білуге, өнер арқылы тарихты көрерменге жеткізу жолдарын үйретіп жүр.
«Томирис» би ансамбліне бес жастан бастап балалар қабылданады. Жастайынан биге ерте барған баланың өсе келе бойындағы дарыны аша түспек. Өнерге де бейімделуі, сахна тілін түсінуі ерте жетілмек. Қазіргі таңда талай бишілерді түлетіп ұшырған ансамблдегі кіші, орта және үлкен топтың барлығын қосқанда қырық төрт биші бар. Әр бала – дарын иесі. Барлығы бір-біріне ұқсамаса да, барлығы өнерді, биді жақсы көреді. Жетекшілеріне қарап бой түзеп келеді.
«Біздің ұжымның негізгі жанры – халық биі. Қазір біз Рязань қаласындағы және Нұр-Сұлтан қаласындағы халық билері байқауына қатысып жүрміз. Сонымен қатар, биыл Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығына алпыс жыл болмақ. Мерейтойлық концертімізге байланысты дайындық әзірлігі қызу жүріп жатыр», - деді топ жетекшісі.
Тынымсыз ізденіс арқылы түбегейлі нәтижеге қол жеткізуге болады. Жас ұрпақты тәрбиелеп, еңбекке, өнерге деген сүйіспеншілігін арттыруда өз үлесін қосып жүрген Аида Ғазизқызы тәрбиеленушілерімен бірге бірталай биік белестерді бағынырып келеді. «Томирис» би ансамблі биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Жас таланттардың өнер додасы», «Ожерелье дружбы» атты ұлттық мәдениеттер фестиваліне қатысып, арнайы дипломдарға алғыс хаттарға кенелді. Одан бөлек соңғы үш жылда «Fantastic» балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының халықаралық фестиваль-сайысынан және Қазақстан халқы Ассамблеясының жиырма бес жылдығына арналған «Бәйтерек» балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының Х мерейтойлық ашық конкурсынан гран-приге ие болып, І дәрежелі дипломмен, «Ритмы планеты» балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының халықаралық фестиваль байқауынан екінші дәрежелі дипломмен, Саран қаласының 65 жылдығына орай хореографиялық өнерді насихаттағаны, дамытқаны, салауатты өмір салтын насихаттағаны үшін және «Балдаурен – 2021» шығармашылық фестивальға қатысқаны үшін димломмен марапатталды.
1991 жылы Аида Нысамбаева басқа да тәуелсіздіктің құрдастары секілді кемел болашаққа алғашқы қадамдарын жасаған жандардың бірі. «Жаңа өмірге мені ата-анам ертсе, елімізді Елбасы Н.Ә.Назарбаев іргелі жетеледі. Уақыт біздің еліміздің Президентпен бірге жасаған алғашқы қадамдарының дұрыс екенін дәлелдеді», - деді ол.
Тәуелсіздіктің құрдасы жиырма бір жасында «Томирис» би ансамбліне жетекшілік ете бастады. Бірталай қиындықтарға нық тұра білді. Сын сағаттарда төзімділігін көрсетті. Жылдан жылға шыңдалып, жігерлене түсті.
«Көбіне мен соғыс деген не, төңкеріс деген не екенін білмейтінімізге ризамын. Бұл Қазақстан сияқты жас ел үшін өте үлкен көрсеткіш. Біз өз елімізбен бірге өсіп, ел сияқты дамып келеміз. Осыдан 10-15 жыл бұрын Қазақстан қай жерде орналасқанын және ол қандай ел екенін басқа елдер танымаған, аз білген. Бірақ қазір, сен Қазақстаннан екеніңді айтқан кезде, саған артық сұрақтар қойылмайды, таңданыспен қарамайды. Біздің еліміздің танымал болғаны өте қуанышты. Пандемия уақытында, жаттығу кезінде қиындықтар болған кезде, мемлекет бізді тастап кетпеді. Көмегін ұсынды. Күтпеген жағдайлар туындаған кезде, біз мәселелерді шешуге көмектесетін басшылықтың қолдауына сене аламыз», - деп атап өтті Аида Ғазизқызы.
Мың бұралған жас бишілерді ибалыққа, парасаттылыққа тәрбиелеп жүрген Аида үшін биыл шынымен ерекше жыл. Себебі, ағымдағы жылы алпыс жылдық тарихы бар Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығының қабырғасында бимен шұғылданып жүргеніне 25 жыл болмақ. Келер жылы «Томирис» би ансамблінің құрылғанына он сегіз жыл болса, Аида Ғазизқызының жетекшілік етіп жүргеніне он жыл болады.
Қазіргі таңда ансамбль түрлі байқауларға шақырту алып, Саран қаласы мен Ақтас кентінің абыройын асқақтатуда. Өңірімізде өтетін мерекелік концерттерге белсенділігін көрсетіп, өздерінің көркем де нәзік сахналық киімдерімен, өнерлерімен, назды биімен халықтың ілтипатына бөленуде. Алдағы уақытта да сүйікті көрермендерін, қала және кент тұрғындарын әдемі қойылымдармен, биімен таңғалдыратын болады. Ал, біз тамыры тереңде жатқан, тәуелсіздікдің төл құрдасы жетекшілік етіп жүрген шығармашылық ұжымға қолдау білдіріп, жетістіктерін жарыса сүйіншілейтін болайық!
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА
Суреттер: «Томирис» би ансамблінің архивынан алынған