Бүгін: 26.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Осыдан  30  жыл  бұрын еліміз тәуелсіздігін жариялаған уақытта, дүние есігін жаңа ашқан бүлдіршін – бүгінде болашақтың кілтін қолына ұстаған Егемен  елдің еркін азаматтары болды.Тәуелсіз елдің топырағында дүниеге келген өрендер Егемен елмен бірге есейіп, бой түзеді. Күннен күнге қарыштап, алға басқан жас мемлекетпен жарыса өскен жас ұрпақ алдына әлдеқашан  бағыт–бағдар қойып, «Еркін  еліме, тәуелсіз жұртыма менің тиер пайдам қандай» – деген  сауалдың сан жауабын да тауып қойған. Болашақтың жоспарын да жасап, бағындырар биіктеріне ұмтылуда.Бірі Тәуелсіз елдің өнерлі өрені болып өссе, енді бірі спортта оза шауып, бас бәйгені қолдан бермеуге барын салуда. Тағы бірі білім көкжиегінде самғап ұшып, ғылымға да көңіл бөлуде. Міне, егемен  елімізде болашақтың  кілтін  қолына  ұстап, елдің ертеңін бүгін ойлаған осындай ойлы ұрпақтың тәрбиеленуі көңіл қуантады.

Тәуелсіздіктің  түйдей  құрдастары  1991  жылы дүниеге келген өрендер  өздеріне  жүктелген  жауапкершілік пен  мойындарындағы міндеттің  салмағын  да, сырын да жақсы түсінеді. Ел сенімін ақтап, парызына адал болуға талпынады. Тәуелсіздіктің таңында дүниеге келген перзент ретінде, «ТӘУЕЛСІЗДІК» сөзінің мағынасы мен маңызын да бір кісідей біледі. Сондықтан да,  арайлы  азаттықпен бірге дүние есігін  ашқан Тәуелсіздіктің құрдастары, өздерінің тап осы жылы дүниеге келгендерін  мақтанышпен, зор қуанышпен айтып жүреді.

Саран қаласының Полиция бөлімінде криминалдық полиция бөлімшесінің  аға  жедел  уәкілі  қызметін  атқарып жүрген  Әмірбеков Дастан Рахатұлы да осындай болашағынан үлкен үміт күттіретін, халқына адал қызмет етіп жүрген азаматтардың бірі.

Дастан Рахатұлы еліміз көптеген жылдар бойы аңсаған, армандаған тәуелсіздікке қол жеткізген 1991 жылы желтоқсан айының 30 күні Сарыарқаның  сайын даласы, жер жәннаты  Қарқаралы қаласында  дүниеге келген.  Жастайынан  әжесі  Роза мен атасы Мақсұттың үлгілі тәрбиесін алған  Дастан,  2010 жылы  Қарқаралы қаласындағы № 2 орта мектепті бітіріп, арман қуып, Қарағанды қаласындағы Қазақстан Республикасы ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына оқуға түсті. 2014 жылы академияды ойдағыдай бітіріп, Саран қаласы  ПБ криминалдық полиция бөлімшесінің  жедел уәкілі болып алғаш еңбек жолын бастады.  

«Елбасы Н.Ә. Назарбаев өз сөзінде «Егеменді еліміздің жарқын болашағы – бүгінгі жастар», – деп жастарға үлкен сенім артты. Осы сөзді ту қылып ұстаған Дастан да өз міндетін адал да, абыроймен атқарып, жақсы жұмыстары  үшін қызметінде  бір жылдан кейін жас та болса, аға жедел уәкілі болып тағайындалды. Бос уақытын спортқа арнаған Дастан футбол ойынын да құмартып ойнайды. Қазақстанның қарыштап  дамып, алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарына қосылуына  өзіндік үлес қосуды  басты мақсаты етіп алған.  

Буырқанған күш – қуатын Отанымды көркейтуге, гүлдендіруге жұмсасам, елім үшін еңбек етсем дейді. Асқақ елдің арманы биік, адастырмайтыны кәміл.

Жастары жалындап жанбаса, елдің ертеңі не болмақ?!  

Елімен бірге өсіп келе жатқан, ертеңіне нық сеніммен қарайтын, жалынды жігері бар, «Елімнің болашағы – менің болашағым» –  деп санап, Қазақстан  үшін қалтқысыз еңбек ететін осындай жастарымыз көп болсын деп тілейміз!

 Ж. Джумашева,

Саран қаласы ПБ