САРАН ҚАЛАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ МЕШІТІНІҢ ЕСКІ КҮМБЕЗІНІҢ ОРНЫНА ЖАҢА КҮМБЕЗ САЛЫНДЫ. МЕШІТТІҢ ЕСКІ КҮМБЕЗІН ЖАҢАРТУ КЕРЕК БОЛДЫ. СОЛ СЕБЕПТІ, БАС ИМАМ МҰХАМЕДҚАЛИ ҚАЖЫ САПАРҒАЛИҰЛЫНЫҢ БАСТАМАСЫМЕН ШАҺАР ТҰРҒЫНДАРЫ ДЕМЕУШІ БОЛЫП ЖАҢА КҮМБЕЗ ЖАСАТЫП, ҚАҚАҒАН ҚЫСТЫҢ СУЫҒЫ КЕЛМЕСТЕН МЕШІТТІҢ ҮСТІНЕ ОРНАТЫЛДЫ.Имам осы игі іске үлесін қосқан барша қала жамағатына разылығын білдіріп, алғысын айтты.Жалпы биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдығына орай, еліміздің түкпір-түкпірінде орналасқан мешіттер күрделі жөндеу жұмыстарынан өтіп, жамағат үшін есіктерін қайта айқара ашуда.
Енді міне, аталмыш іс-шара легінің аясында Саран қалалық орталық мешітінде де бірқатар құрылыс жұмыстары жүргізілді. Ғибадат үйінің күмбездерінің ескіруіне байланысты, жалпы құрылыс жұмыстарының аясында мешіттің үш күмбезі әсемделіп жаңадан жасақталып отыр. Атқарылған жұмыстардың барлығы мешіт қаражаты және қайырымды жандардың ерікті көмек көрсетуі нәтижесінде жүзеге асырылғанын атап өткеніміз жөн. Ал игі іс шаһарымыздың бас имамы Саликов Мұхаммедқали қажы Сапарғалиұлының бастамасымен іске асып отыр.
Бұдан бөлек Саран мешітінде биылғы жылы төбе шатыры жаңартылып, қайтыс болған адамды ақтық сапарға атқаратын мәйтхана іске қосылды. Сонымен қатар, намазхандар дәрет алатын бөлмеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мешіттің су құбыры жаңартылды.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ