БИЫЛ САРАН ҚАЛАСЫ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІ ЖЫЛДЫҢ АЯҒЫНА ДЕЙІН 160 ПӘТЕРДІҢ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСЫН АЯҚТАУДЫ ЖОСПАРЛАП ОТЫР.
Жаңа бой көтерген үйлер, ел игілігіне берілген нысандардың барлығы қаланың сырт келбетін түрлендіруіне септігін тигізеді. Құрылыс саласының дамуы, елдің экономикалық дамуына ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік жағдайының арта түсуіне әсер етеді. Ал ел егемендігін алып, еңсе түзегелі бері елімізде құрылыс саласы ерекше қарқын алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа арналған Жолдауында: «Тұрғын үй азаматтарымыз үшін – қашанда басты мәселе» екендігін атап өткен болатын.
Баспана мәселесі әрдайым өзекті. Сол себепті қазіргі таңда елімізде қолжетімді баспанаға қол жеткізуге арналған көптеген бағдарламалар бар. Солардың бірі – тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020 - 2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы.
Бәрімізге мәлім, биыл Саран қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Рабочая көшесі бойында жүз пәтерлі, ірі панельді, бес қабатты екі тұрғын үйдің құрылысы басталды. Бүгінде қалалық құрылыс бөлімі көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын - басты назарда ұстап тұр.
Саран қаласы құрылыс бөлімінің бас маманы Мақсат Тоқтасыновтың айтуы бойынша, Рабочая көшесінде салынып жатқан № 2 үйді осы жылдың аяғында пайдалануға беру жоспарлануда. Бүгінгі күні барлық қабырға мен ішкі панельдер істелінді. Бүкіл қабаттар мен кіреберістерге терезе блоктары орнатылды. Қасбетті сырлау бойынша жұмыстар да аяқталды. Сондай-ақ, ішкі әрлеу жұмыстары, соның ішінде линолеум төсеу жұмыстары жүргізілді. Электрмен, жылумен, сумен жабдықтау және кәріздің ішкі желілерін монтаждау бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Ал, екенші № 1 үй бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары 65 пайызға орындалды. Қазіргі уақытта жертөле үй-жайларында еден төсеніші, монолитті іргетастар, ғимараттың темірбетон қаңқасы орнатылды. Пәтераралық есіктерді орнату, сондай-ақ желдету құрылғысы бойынша жұмыстар аяқталды. Жөндеу жұмыстың басым көпшілігі жасалды. Жаза кетейік, осы екі көпқабатты тұрғын үй аз қамтылған отбасыларға берілмек.
Одан бөлек биыл РТБ елді мекеніне жаңа әрге боялуда. Ағымдағы жылы 3 ықшамауданындағы № 13 тұрғын үйді қайта қалпына келтіру бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Мердігер «ҚАЗДОРСТРОЙТЕХ» серіктестігімен шарт жасалды. Қазіргі уақытта шатырды, терезе блоктарын орнату бойынша, электрмен, жылумен, ішкі желілерін, баспалдақ маршының таяныштарын монтаждау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, үйді металл сидингпен қаптау жұмыстары қарқын алуда. Құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан алпыс пәтерді пайдалануға беру де осы жылдың аяғына дейін жоспарлануда.
«3 ықшамауданын, РТБ ауданын одан әрі дамыту үшін тұрғын үйлерді қайта жаңартуға 5 ЖСҚ әзірленді. Бұл № 10, № 12, № 16, №18, № 19 тұрғын үйлерге. № 12, №18 үйлерге 2 ЖСҚ сараптама қорытындысы алынды. № 18 үйді қайта жаңарту бойынша конкурстық рәсімдер аяқталды. Мердігерлік құрылыс ұйымы тауарлар мен қызметтерді сатып алу бойынша конкурс негізінде анықталған. Сондай-ақ, жоғарыда аталған үйлерге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның ЖСҚ әзірленді», - дейді мамандар.
3 ықшамауданының тұрғындарын жылумен қамтамасыз ету мақсатында «Саран қаласының РТБ ауданы, 3 ықшамауданында модульдік қазандық салу» атты жобасы әзірленді. Бүгінгі күні қоршау 95 пайызға аяқталса, қазандық бойынша жұмыстар 75 пайызға істелінді. Ал, көмір қоймасының, күл қоймасының іргетасы, күл қоймасының металл қаңқасы, қазандықтың металл қаңқасы бойынша жұмыстар толық аяқталды.
«Сондай-ақ, қала халқын орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылы «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша Саран қаласының орталық қазандығының құрылысына облигациялық қарыздар есебінен 220 млн.теңге бөлінді. Жобаны іске асырудан 282 көп қабатты тұрғын үй және 20 әлеуметтік сала объектілері, шамамен 30 000 адам орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етіледі», - деді Мақсат Асқарұлы.
2020 жылы бөлінген қаражатқа мердігерлік ұйым «Temir Zat» серіктестігі қазандықтардың, бас корпустың металл құрылымдарының, көмір қабылдау бөлімшесінің бөлшектеу жұмыстарын, жөндеу-қосалқы цехтың конструкцияларын монтаждау, әкімшілік-тұрмыстық корпус ғимаратын, су резервуарлары астындағы қазаншұңқырды, кәріз желілерін жөндеу жұмыстарын орындады. Жұмысты жалғастыру үшін биыл қосымша қаражат бөлінді. Мамандардың айтуы бойынша, бүгінде бас корпуста жылу механикалық жабдықтарды, металл конструкцияларды және қабырғалық сэндвич панельдерді бөлшектеу толық аяқталды. Іргетастар мен бетон едендерді, металл конструкцияларын монтаждау бойынша жұмыстар мен жер қазу жұмыстары және іргетастарды бетондау бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Одан бөлек металл конструкцияларын бояу 75 пайыызға, № 1 және № 2 қазанды монтаждау жұмыстары 55 пайызға орындалды. Сэндвич панельдерін орнату 20 пайызға аяқталса, қалау жұмыстары 50 пайызға істелінді.
№ 1 және № 2 отын беру галереясы, су резервуарлары және көмірді қабылдау бөлімшесі бойынша жөндеу жұмыстары өз мәресіне жетіп қалды. Ұнтақтау бөлімшесінде бетон жұмыстары мен металл конструкцияларын монтаждау жұмыстары бітсе, металл құрылымдарын бояу бойынша жұмыстар 95 пайызға орындалды.
Жөндеу-қосалқы цех бойынша бетон, металл конструкцияларын монтаждау, сонымен қатар, әрлеу жұмыстары аяқталды. Қабырғаға және шатырға арналған сэндвич панельдері орнатылды. Металл құрылымдарын бояу, сумен жабдықтау және кәріз бойынша ішкі сантехникалық, электрмонтаждау, желдету жұмыстарының басым көпшілігі орындалды.
Қалай дегенде де жұмыс қарқыны жоғары. Дамудың даңғыл жолындағы еліміз үшін құрылыстың алар орны ерекше. Оның ішінде біздің өңірде құрылыстың қазаны қайнап, тарихи нысандар да қайта жаңғыру үстінде. «Заманына сай адамы» демекші, уақыттың талабына сай құрылыс жұмыстары да қарқын алмаса, бәсеңдеген емес. Себебі құрылыссыз қала жаңармайды, заманауи кейіпке енбейді.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА