ЖЫЛДЫҢ ТӨРТ МЕЗГІЛІ ӨЗІНШЕ ЕРЕК. БІР-БІРІНЕН ҰҚСАМАЙТЫН КЕРЕМЕТ КӨРІНІСТЕРГЕ, ҚАНЫҚ ТҮСТЕРГЕ БОЯЛҒАН. САРАН ҚАЛАСЫ «ДОСТЫҚ ҮЙІ» БАЛАЛАР-ЖАСӨСПІРІМДЕР ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНДА ДӘСТҮРЛІ ТҮРДЕ ӘДЕМІ КӨРМЕЛЕР ҰЙЫМДАСТЫРЫЛЫП ТҰРАДЫ. ОСЫ ЖОЛЫ ДА ТАНЫМДЫ ШАРА ӨЗ ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ.
15 қаңтар күні қалалық «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының «Творчество» қолданбалы-сәндік өнері үйірмесінің қатысушылары арасында «Зимняя сказка» атты көрме қойылды. Көрмеден түрлі әдіс-тәсілдер арқылы жасалған балалардың өз жұмыстарын тамашалауға болады. Безендірілген жаңа жылдық шырша, аққала мен ертегі кейіпкерлері тартымды етіп жасалған. Әр сурет көздің жауын алады. Биыл балалар көрмеге оннан аса жұмыс ұсынды.
«Творчество» қолданбалы-сәндік өнері үйірмесінің жетекшісі Елена Ламанның айтуы бойынша, көрменің мақсаты - бірінші жартыжылдықтың қорытындысын шығару. Бұл шараның тағы бір ерекшелігі – балалар сабақ барысында үйренген әдістерді қолданған. Яғни, көрмеден түрлі-түсті бисерден, моншақтардан, аппликациялар мен декупаж техникасы арқылы жасалған суреттерді көре аламыз.
Қазіргі таңда «Творчество» қолданбалы-сәндік өнері үйірмесіне қырықтан астам бала қатысады. Екі үлкен топтан құралған үйірмеде балаларға матада сурет салуды, қағазбен, былғарымен жұмыс жасауды, кестелеу әдісін және тағы басқа амал-тәсілдер үйретіледі.
Жаза кетейік, оқушылардың шығармашылық дағдыларын шыңдаған, ой-қиялынан туындаған «Зимняя сказка» атты көрмесі 15 ақпанға дейін жалғасатын болады.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА