ҚАУІПСІЗДІК ЕРЕЖЕСІ БАРЛЫҚ САЛАҒА, БАРЛЫҚ ЖЕРГЕ ҚАТЫСТЫ. СОНЫҢ ІШІНДЕ КӨЛІКТЕ ҚАУІПСІЗДІК ЕРЕЖЕСІН САҚТАУДЫҢ МАҢЫЗЫ ЗОР. ӨЙТКЕНІ СТАТИСТИКА СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ КӨЛІК ӨРТІНІҢ КӨБЕЙІП КЕТКЕНІН БАЙҚАТЫП ОТЫР.
Иә, өрт – «тілсіз жау». Ол айтып келмейді. Кешіксең, кешірмейді. Сәл тосылсаң, ол тажал әп-сәтте-ақ айналасын жалмап тынады.
Сондықтан ондай жаумен күресу үшін төрт қаруың түгел, сақадай сай болуың қажет. Ал бүгінгі таңда автокөліктерде өрт қауіпсіздігі, өрт қауіпсіздік ережелері сақталмай отыр.
Өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету адамдардың өмiрi мен денсаулығын, меншiктi, ұлттық байлық пен қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi мемлекеттiк қызметтiң ажырамас бөлiгi.
Бұрнағы күні Саран қаласының төтенше жағдайлар бөлімі Саран қаласы Полиция бөлімінің Жергілікті полиция бөлімшесінің қызметкерлерімен бірлесе көліктегі өрттердің алдын алу бойынша рейдтік іс-шара өткізді.
Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері жыл сайын Саран қаласы мен Ақтас кентінде орын алатын өрт оқиғаларының жалпы санының орташа есептегендегі 10%-ы осы автокөліктермен тікелей байланысты дейді.
Мәселен, 2020 жылы өрт салдарынан 5 автокөлік толығымен жанып кеткен немесе зақымданған. Тура сол секілді 2019 жылы да 5 автокөлік өртенсе, 2018 жылы 9 автокөлік, ал өткен 2021 жылда 4 автокөлік өртенген немесе өрт салдарынан зақымданған дейді қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері.
Саран қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары мен қалалық патрульдік полиция қызметінің қызметкерлері бірлесіп өткізген рейдте қоғамдық және жеке автокөлік жүргізушілеріне көліктегі қауіпсіздікті сақтау шаралары түсіндірілді. Автокөлік иелеріне автокөлікті дер кезінде техникалық байқаудан өткізу, автокөліктердің электр желілерін және де басқа жүйелерін білікті мамандардың көмегімен уақытылы тексеруден өткізіп тұру, автокөлікті өрт сөндіргішпен қаматамсыз ету жөнінде ескертілді.
Сондай-ақ, көлікке гаражда жанармай құюға және гаражда электр дәнекерлеуге, бояулық жұмыстарды жүргізуге және бөлшектерді жанармаймен жууға қатаң тыйым салынды.
Сонымен қатар, өрт оқиғасы орын алған жағдайда, жүргізуші автокөлікті тоқтатып, қозғалтқышты өшіру, аккумулятор батареясын ажыратып жолаушыларды қауіпсіз жерге көшіру секілді алғашқы шаралар жөнінде нұсқамалар жүргізілді.
Рейдтік іс-шара барысында қоғамдық және жеке автокөлік иелеріне өрт орын алған кезде «101», «112» телефон нөмірлеріне хабарлау керектігі жазылған өрт қауіпсіздік ережелерінің жадынамалары таратылды.
- Бұл іс шара автокөліктегі өрттердің алдын алу мақсатында өткізілді, - дейді бөлімнің маманы Лаура Алпысбаева.
- Өрттердің пайда болуының негізгі себептері электр жабдықтары жүйесі мен автокөліктің отындық жүйесіндегі ақаулар, автокөлік қозғалтқышын дәнекерлейтін лампамен қыздыру, жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында өрт қауіпсіздігі шараларын сақтамау, сондай-ақ, қыстыгүні машинаны қыздырған кезде ашық отты пайдалану болып табылады, - дейді Лаура Жағыпарқызы.
Ал өртті болдырмау үшін уақытылы және ұдайы техникалық қызмет көрсетуден өтіп тұру, егер автокөлік газбен жүретін болса, арнайы шеберханаларда ұдайы тексерістерден өтіп тұру, электроникаларды сауатты орнату, электр жабдықтары мен бензобакты тұрақты түрде тексерістерден өткізіп тұру қажет дейді төтеншеліктер.
Сонымен қатар, қосымша жанар жағармайлар мен майлау материалдарын қатты жабылған әрі қымтақты ыдыстарда тасымалдау қажет. Бұдан бөлек, автокөлік салонында дұрыс жұмыс жасайтын өрт сөндіргіштің болуы және оның жарамдылығы, сондай-ақ автокөлік жүргізушілерінің өрт сөндіргішті қолдана білуі шарт дейді олар.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ
Суреттерді түсірген:
Камила ОСПАНОВА