Бүгін: 26.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

БИЫЛ АҚТАС КЕНТІНДЕ  ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ-САУЫҚТЫРУ КЕШЕНІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫН БАСТАУ ЖОСПАРЛАНУДА.  БҰЛ ЖАЙЛЫ САРАН ҚАЛАСЫНЫҢ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ РИНАТ ТЛЕУБЕКОВ ТІКЕЛЕЙ ЭФИРДЕ МӘЛІМ ЕТТІ

26 қаңтар күні «Adal komek» жобасы аясында Саран қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ринат Тлеубеков  Саран қаласының әкімдігінің инстаграм әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфирге шығып, халықтың көкейінде жүрген сауалдарына жауап берді.

Осы жолғы тікелей эфир «Саран қаласында бұқаралық спортты дамыту» тақырыбына арналған. «Спорт бөлімінің негізгі жұмысы – ол қаламыздағы бұқаралық спортты дамыту, балалар спортын дамыту. Сонымен қатар, тұрғындардың және қала қонақтарымыздың салауатты өмір салтын сақтап, спорт мекемелерінің қол жетімді болуына қамтамасыз ету», - деп  эфир басында атап өтті Ринат Маратұлы. 

Қазіргі таңда шаһар бойынша отыз үш спорт түрі бар. Оның ішінде 15 олимпиадалық, 14 олимпиадалық емес, 3 ұлттық және бір техникалық спорт түрі.  Жалпы 16 мың адам салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданып жүр. 

2021 жылы қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі барлық сақтық шараларды ескере отырып, онлайн және офлайн форматта спорттық іс-шараларды өткізді. Одан бөлек Қарағанды облысының каратэ шығыс жекпе-жек федерациясының залы, футбол манежі ашылды, жасанды жабыны бар алаңқай салынды. Ақтас кентінің спорттық алаңына күрделі жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ, Саран қаласының спорт орталығында тоғызқұмалақ, асық ату және қазақ күресінен тұратын ұлттық спорт түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдер клубы ашылған.  Республикалық, облыстық, қалалық спорт  жетістіктер де аз болған жоқ.

Биыл қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі тоқсан бес спорттық іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. Яғни, әртүрлі спорт түрлері бойынша қалалық жарыстар, спартакиадалар, жүгірістер, спорт түрлері бойынша мектеп лигасы, марафондар, мүмкіндіктері шектеулі адамдар арасында жарыстар ұйымдастырылмақ. Ринат Маратұлының мәлімдеуі бойынша, спорттық іс-шаралардың басым бөлігі балаларға арналмақ. Жас буын өкілдерінің бос уақытын пайдалы әрі тартысты өткізу мақсатында түрлі спорттық жарыстар мен сайыстар өткізілмек.  Әз-Наурыз мейрамына да қызу дайындық басталынып кеткен.

- Наурыз мейрамына ұлттық спорт түрлері бойынша спорттық жарыстар жоспарланған. Қазақ күресі, арқан тарту, тоғыз құмалақ. Сондай-ақ, гір спортынан жарыс өткіземіз. Қошқарды көтеруден, грек-рим күресінен, баскетболдан, жүзуден жарыс өткізілмек. Биылғы жылы жоспарланған барлық іс-шаралар эпидемиялық жағдайды ескере отырып жүргізіледі,- деді Саран қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ринат Тлеубеков 

Тікелей эфир соңында тұрғындар  Ақтас кентіндегі спорттық секциялар жайлы сұрады.  Ринат Маратұлының айтуы бойынша, биыл Ақтас кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын бастау жоспарлануда. Онда барлық балалар тегін негізде айналыспақ. Сондай-ақ,  Ақтас кентінде  жеңіл, ауыр атлетикамен, бокспен, футболмен, альпинизм мен грек-рим күресімен тегін негізде шұғылдануға болады.

Сонымен қатар, қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі  инстаграм, фейсбук әлеуметтік желілерде де белсенді. Zoom платформасы арқылы қарқынды жұмыс жасауда.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА