ҚЫЗЫЛ АЙМАҚҚА ЕНГЕН САРАН ШАҺАРЫНДА МОБИЛЬДІ ТОПТАРДЫҢ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛУДЕ. ҚАЗІРГІ ТАҢДА ШАҺАР БОЙЫНША 9 МОБИЛДІ ТОП ЖҰМЫС АТҚАРУДА. ОЛАР АДАМДАР КӨП ШОҒЫРЛАНАТЫН ЖЕРЛЕРДЕ АҚПАРАТТЫҚ-ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗУДЕ.
Батыр Бауыржан атамыздың «Тәртіпке бағынған құл болмайды»,-деген сөзін санамыз әлі өз деңгейінде салмақтай алмай тұрғандай. Әсіресе, қазіргідей қарбалас кезіндегі белгіленген тәртіптің үтір-нүктесіне дейін ұғынықты болуы тұрғындар арасында әлі де мардымсыз.
Десекте, бес саусақ бірдей емес, бірең-сараң тәртіпке бағынғысы келмегендері ғана болмаса, халықтың көпшлігі мобильді топ мүшелерінің ескертулеріне түсіністікпен қарап, карантин талаптарын сақтайтындықтарын сөзбен емес, іс-әрекеттерімен-ақ дәлелдеп жатты. Бұнысы көңіл қуантарлық.
Бұған бұрнағы күні өткен рейдтік шара дәлел. Алайда осы жолғы рейдтік шараларға полиция бөлімінің өкілдері қатыса алмады. Оның өзіндік себептері бар.
Қарағанды облыстық бас санитарының қаулысы бойынша карантин кезінде облыс тұрғындары барлық шектеу шаралары мен карантин талаптарын сақтауға міндетті. Мобильді топтардың да, олармен бірге түсінік жұмыстарын жүргізіп жүрген біз секілді еріктілердің де елден өтініп тұрып сұрайтыны сол. Түптеп келгенде, бұның барлығы өз саулығымыздың қауіпсіздігі екенін тұрғындарымыз ұғынса екен дейміз.
Мобильді топ алдымен, шаһар аумағындағы адамдар көп шоғырланатын азық-түлік дүкендері мен дәріханалар, спорт тауарларын сататын дүкендерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Содан кейін олар жолаушы тасымалдайтын қоғамдық көліктер мен шаһардағы № 1 мектеп-лицейінде болып санитарлық талаптардың орындалу барысын бақылады. Түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, анықталған кемшіліктер бойынша ескерту жасады.
Жалпы рейд барысында санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтау, қызметкерлерді бетперде, қолғаптар, антисептиктермен қамтамасыз ету, адамдардың дүкенге медициналық бетпердесіз кіруін болдырмау туралы айтылды.
«Сақтықта қорлық жоқ!» демекші, індет елге тарай бастағаннан-ақ ұлт денсаулығын қорғау мақсатында еліміздің барлық аумағында төтенше жағдай режимін енгізіліп, карантин жарияланды.
Өршіп бара жатқан инфекцияның таралуын тежеу үшін қабылданған іс-шаралардың бағыты пандемия кезінде қатаңдатыла түскені белгілі. Талапқа көнгісі келмейтіндер де әр жерден бой көрсетіп жатты. Алайда жауапты сала мамандары өзара іс-қимыл жасай отырып, карантиндік талапқа бағынғысы келмейтіндермен жеке-жеке жұмыс істеді. Осы бағытта рейдтік шаралар жүргізілді. Бұл іс-шара әлі де жалғасын табуда.
Дәл осындай сәтте жауапкершілікті сезініп, дәстүрге түсіністікпен қарап, одан да маңызды адам өмірі екеніне көңіл бөліп, ұлт болашағына үлес қосуымыз қажет.
Қауіпті дерт арамыздан орны бөлек ел ағаларын алып кеткені де ел есінде. Көптеген отбасы орны толмас қазаға тап болып, бірінен-соң бірі қара жамылып жатты. Арасында небір жақсыларымыз бен жайсаңдарымыз да бар еді. Осылайша санитарлық-эпидемиологиялық ахуалдың алдын алудағы қаперге алынбаған шаралар үлкен қатерге ұрындырғаны белгілі.
Індет іргені іреп тұрған тұста, бәріміз «бір жағадан – бас, бір жеңнен - қол» шығарып, аты жаман ауруды жеңу үшін карантин талаптарын сақтағанымыз абзал. Тәжтажалды құрықтаудың тағы бір тиімді әрі бірден бір дұрыс жолы – ол жаппай вакцинация және ревакцинациядан өту. Осыны ұмытпайықшы, ағайын!
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ