Сегодня: 24.04.2024
Регистрация: в Министерстве информации и коммуникаций Республики Казахстан. Свидетельство №16307-Г от 18.01.2017 года (номер и дата первичной постановки на учет №869-Г от 16.09.1999 года)

Елде енгізілген карантиндік жағдай халық пен мемлекеттік органды әлеуметтік оқшаулауға алып келді. Бұл өз кезегінде азаматтар мен мемлекеттік аппарат арасында коммуникациялық кедергілердің туындауына себеп болды.

Осыған орай, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің бастамасымен ел аумағында халыққа құқықтық кеңес беру мақсатында «Адал көмек» жобасы іске қосылған болатын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялап, жалпы қоғам болып ел азаматтарына көмек қолдау көрсету — игі істердің бастауы екендігін тілге тиек еткен еді.

Аталмыш жоба қала басшылары мен мемлекеттік қызметшілер тарапынан барынша қолдау тауып отыр. Шаһардағы мемлекеттік органдардың басшылары  өңір тұрғындарын толғантқан мәселелерді шешу мақсатында әлеуметтік желілер арқылы «тікелей эфирге» шығуда. Мамандар кеңесіне жүгінген жұртшылықтың басым көпшілігін әлеуметтік салаға қатысты, оның ішінде жер, салық, тұрғын-үй, жеңілдікпен несие алу сынды тақырыптар толғандырады екен.

Мәселен, халық пен билік арасында ашық диалогтық алаң орнатуды мақсат еткен Саран қаласының құрылыс бөлімінің басшысы Қайыржан Рахимбаев жуырда «Әлеуметтік құрылыс» тақырыбында онлайн кеңес өткізді. Іс-шара барысында ол шаһарда «Әлеуметтік құрылыс» тақырыбы аясында атқарылып жатқан маңызды ақпараттарымен бөлісіп, осы сала бойынша қала тұрғындарының  сауалдарына нақты жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Қайыржан Сәбетұлының мәліметінше биыл Саран шаһарында құрылыс қарқыны бәсеңдемейді. Құрылыс бөлімінің жоспарына сәйкес жалпы жыл сайын кем дегенде екі әлеуметтік нысанның құрылысы қарастырылған. Тұрғын үй құрылысына келсек, мемлекеттік бағдарлама аясында әрқайсысы 5 кіреберістен тұратын 100 пәтерлі 5 қабатты екі үй салу жоспарланған.

«Қазіргі уақытта 5 қабатты 100 пәтерлі бір үйдің іргетасын монтаждауға арналған қазаншұңқырды қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жерде салынатын көпқабатты үйлердің құрылысына жалпы сомасы 600 млн. теңгені құрайтын қаражат бөлінді. Оның жартысы облыс бюджетінен бөлінсе, қалған жартысы қалалық бюджеттен қарастырылған. Жалпы құрылыс жұмыстарының салыну уақыты 2020-2021 жылдар аралығы деп жоспарланған. Алайда құрылысы басталып кеткен бір 5 қабатты үйдің құрылыс жұмыстарын үстіміздегі жылы аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз», - дейді Қайыржан Сабетұлы.

Сонымен қатар оның айтуынша қалалық құрылыс бөлімі Нұрлы жер бағдарламасынан басқа да жобалар аясында жұмыстар атқаруды көздеп отырған көрінеді. Себебі олардың жоспарында жоба сметалық құжаттаманы әзірлеу және оны жүзеге асыру бойынша жұмыстарды да жүргізу қарастылылған екен. Жыл сайын біз Саран қаласы бойынша екі тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз. Бұл өз кезегінде бізге пәтер алуға кезекте тұрған азаматтардың санын тез арада едәуір қысқартуға септігін тигізген болар еді дейді құрылыс бөлімінің басшысы.

Ал үшінші нысан - № 4 жалпы білім беретін мектебінде салынып жатқан спорт залы. Құрылыс нысаны мектеп ғимаратының қасында, дәлірек айтқанда ғимараттың артқы жағында орналаспақ. Спорт залын салуға жалпы сомасы 151 млн. теңге қаражат бөлінген. Қазіргі уақытта аталмыш нысанның іргетасын құю жұмыстары аяқталып қалған. Келесі кезекте темірбетонды конструкцияны салу жұмыстары күтіп түр. Саран қаласының құрылыс бөлімінің басшысы Қайыржан Рахимбаевтың айтуынша бұл ғимараттар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынуда.

Айта кетсек, алдағы уақытта да «Адал көмек» жобасы аясындағы шаралар әлі де жалғасатын болады. Жобаның негізгі мақсаты — Мемлекет басшысының «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру үшін ашықтықты қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, тұрғындарды алаңдатқан мәселелердің шешу жолдарын қарастыру және заң аясында дұрыс бағыт-бағдар беру.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ