Шілденің бірінші жексенбісі - Ұлттық домбыра күні. Сан ғасырдың сипатын сыңғыр үнмен жеткізген қасиетті аспапты ұлықтау мерекесі екі жылдан бері тойланып келеді. Көшпелі жұрттың шежіресін шерткен жәдігер – Ұлы Дала тарихының куәгері. Бұл мерекелік күннің руханиятымызға қосар үлесі де салмақты.
«Үн төгілді түрленіп – көк гауһардан кетті аумай,
Жарқындығы – күлкідей, мұңдылығы – жоқтаудай,
ащылығы – шындықтай, тәттілігі – шабыттай,
Жеңілдігі – көбіктей, ауырлығы – табыттай.», - деп Жұмекен ақын теңеу берген қасиетті аспап қазақ ұғымымен біте қайнасып кетті. Қара домбыраның әуелгі үні де күй болып төгілгендігінде дау жоқ.
1 шілде күні Саран қаласы Мәдениет үйінің инстаграм парақшасында онлайн флешмоб ұйымдастырылған болатын.
Мұнда «Жас Отау» этномәдени қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Нұржамал Кернебаева «Домбыра күні – ұлттың үні» тақырыбында бейне энциклопедия ұсынды.
«Бұл айтулы мерекені Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі Жарлық етіп шілденің алғашқы жексенбісі Ұлттық домбыра күні деп белгілеп берген болатын. Содан бастап Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік шаралар еліміздің барлық аймағында шілденің алғашқы күндерінен басталып, кең көлемде сипат алған.
Осы мереке ұлттық құндылық пен мәдениетті сақтау мен жүйелі жаңғырту ойын одан әрі біріктіру мақсатында ұйымдастырлыған жақсы бастама екені анық. Осы айтулы күн тек Қазақстанда ғана тойланумен шектелмей, көршілес Ресей мен өзге де шет елдерде аталып өтілуде. Шетелдіктер қазақтың домбырасынанан шыққан әсем күйге еліп, ерекше құрмет білдіріп жатқандары әлеуметтік желіден кең таралуда», - деді Нұржамал Алдаңғорқызы домбыра күнімен құттықтай отыра.
Республика Президенті Қасым – Жомарт Тоқаев: «Домбыра сабақтарын мектептерге енгізу қажет. Ұлттық құндылықтарымызды жастарымызға сіңіріп, насихаттау өте маңызды» -деп жазды, интернет желісіндегі парақшасына. Расымен, ұлттық аспаптың құлағында әр қазақ ойнауы тиіс -деп санайды Жас Отау» этномәдени қоғамдық бірлестігінің жетекшісі.
Бұдан бөлек «Күмбірле домбыра» фольклорлық ұжымы қала жұртшылығын Домбыра күнімен құттықтаған бейнеролик жолдап, фольклорлық ұжымның кішкентай қатысушылары шағын онлайн концерттерін ұсынды. Ұлттық Домбыра күніне арналған шағын концерттік шарада аталмыш ұжымның қатысушылары интернет оқырмандарын таң қалдырды. Олар бір сарында бірнеше күйлерді орындап, оқырмандардың құлақ құрышын қандырды.
«Домбыра — қазақ халқының ең кең тараған музыкалық аспабы. Эпикалық дәстүр шеңберінде жыр, толғау, термелерді сүйемелдеуге қолданылған құрал кейін аспаптық шығарма – күй жанрының қалыптасуына ықпал еткен. Күмбірлеген домбыраның қоңыр дауысы қай қазаққа рух бермеген. Бүгінде өзіміздің ұлттық аспабымызды асқақтатып, көкке көтеріп жатырмыз. Бұнің барлаға болашаққа керек нәрсе. Болашақта жастарымызға, азаматтарымызға үлкен мақтаныш болады.», - дейді «Күмбірле домбыра» фольклорлық ұжымының жетекшісі Ғабиден Абжатов.
Домбыра – халықтың жаны, даланың даусы, үні шынайы. Бүгінде қазақтың киіз үйі, қара домбырасы және айтыс өнері әлем елдерінің ең ежелгі мұралары ретінде «ЮНЕСКО» тізімінде.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ