Сегодня: 19.03.2024
Регистрация: в Министерстве информации и коммуникаций Республики Казахстан. Свидетельство №16307-Г от 18.01.2017 года (номер и дата первичной постановки на учет №869-Г от 16.09.1999 года)

Үш күн қатарынан шаһардағы «Дубовка» және «Плановый» елді мекендерінің тұрғындары елдегі жаппай карантин кезінде сусыз қалған болатын. Бірнеше күннен бері тіршілік нәрі мүлде жоқ болды. Тұрғындар мұндай жағдай шаһарда алғаш рет болып отырған жоқ дейді.

Ашынған халық шағымын айтып, әкімдіктен бастап қаладағы барлық коммуналдық қызметтерге хабарластқандарын айтады. Нәтижесінде тиісті органдардан мардымды жауап ала алмаған жұрт енді әлеуметтік желі арқылы шағымдарын айтып, күні кеше журналистерден көмек сұрады.

«Дубовка» мен «Плановый» елді мекендерінде бірнеше күннен бері ауыз су жоқ. Әкімдіктегілер де, Саранкоммунсервистің өкілдері де жарытып жауап бере алмай отыр. Оқиға орын алғанға дейін жинап үлгерген су қорымыз да таусылды. Өздеріңіз де жақсы біліп отырсыздар, елдегі жаппай карантинге байланысты төтенше жағдай енгізілгендігін. Біз сумен байланысты қарапайым күнделікті қажеттіліктерімізді қанағаттандырудан бөлек, осы карантин жағдайында жасалынуы тиіс гигиеналық талаптарды да атқара алмай отырмыз. Бұл не сұмдық. Карантинде сусыз қалған тұрғындар осындай шағымдарын айтты.

Осы шағымдармен біз «Саран қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне хабарласқан болатынбыз. Олар мәселенің неден болғанын анықтадық дейді. Дубовка елдімекеніндегі далалық аймақта орналасқан құбыр жарылып, су жылыстыған. Соның салдарынан осындай апаттық жағдай орын алып, бір мезетте екі бірдей елді мекеннің тұрғындары сусыз қалған көрінеді.

Сонымен қатар, коммуналдықтар авария орын алған кезде әлеуметтік желіде халыққа жағдайды түсіндіріп, кешірім сұрай отыра, апатты жою жұмыстарының жүргізіліп жатқандығы туралы жариялаған болатынбыз дейді. Бұдан бөлек, автоцистернамен тұрғындарға су тасымалдағандықтарын да айтып, ақталды. Ал алдында тұрғындар хабарласқанда нақты жауап бере алмаған себептері, апат орын алған жерді анықтау қиын болғандығына байланысты болған. Жоғарыда айтып өткеніміздей, авария аталмыш елді мекендердің өзінде емес, далалық аймақта орналасқан су құбырының жарылуына байланысты болып отыр. Сол себепті апат орын алған жерді іздеп табуға біраз уақыт кетті дейді олар.

Ал қазіргі уақытта коммуналдықтар аварияны жойып, аталған елдімекеннің тұрғындарына түгелдей ауыз су берілгендігін айтады. Тағы бір айта кетерлігі, аталған елдімекендердегі су құбырлары ескіріп, тозығына жеткен көрінеді. Әлі жаңартып үлгермеген. Алайда, коммуналдық қызмет өкілдері аталған аймақта орналасқан су құбырларын жаңарту жұмыстары жоспарда тұрғандығын айтты.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ