Сегодня: 21.06.2024
Регистрация: в Министерстве информации и коммуникаций Республики Казахстан. Свидетельство №16307-Г от 18.01.2017 года (номер и дата первичной постановки на учет №869-Г от 16.09.1999 года)

Қазақстанда 25 жылдай білім беру тәжірибесі бар 30-дан аса «Білім-инновация» лицейлері (бұрынғы қазақ-түрік) ашылғаннан бастап көп тілде оқыту, жаратылыстану-математикалық пәндерді ағылшын тілінде меңгерту, білім мен тәрбие беруді ұштастыру, ұл және қыз балаларды бөлек оқыту, педагогикалық ынтымақтастық пен әлеуметтік әріптестікті дамыту бағыттарында табысты жұмыс атқарып келеді.

Солардың бірі - Қарағанды қаласындағы №1 «Білім-инновация» лицей-интернаты 1993 жылы сол кездегі облыс әкімінің шешімімен, облыстық білім басқармасының қолдауымен ашылды.

Лицейіміздің миссиясы - оқушыларды ерекше қабілеттерін айқындап дамыту арқылы адами құндылықтарды бойына сіңірген, салауатты өмірді ұстанып, өзін-өзі ұдайы жетілдіретін, кез келген мәселені оңтайлы шешуге дағдыланған жаһандық тұлға қалыптастыру. Мектептің алғашқы директоры Ахмет Таны және одан кейінгі түркиялық және қазақстандық басшылар білім берудің халықаралық  тәжірибесін үздік отандық білім беру жүйесімен ұштастыра жұмыс істеді. Соның нәтижесінде 2005 жылы лицейге «Дарынды балаларға арналған мектеп-интернат» мәртебесі берілді. 2010 жылы оның базасында қыздар бөлімі ашылып, 2013 жылы  жеке бөлініп шықты.

 Лицейдің стратегиялық мақсаты – үздік отандық және халықаралық білім беру тәжірибесін үйлестіретін көп тілді білім кеңістігінде бәсекеге қабілетті,  құзіретті және функционалды сауатты жеке тұлғаны оқытып, тәрбиелеу үшін ақпараттық-коммуникативтік білімдік орта құру. Осы мақсатты жүзеге асыруда  инновациялық технологияларды қолдану арқылы ақпараттық білім беру жеткіліксіз, білімді саналы тәрбие арқылы сіңіру маңызды, сондықтан Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім-адамзаттың қас жауы» деген ұлы қағидасын  негізгі ұстанымызға айналдырдық. Лицейде «мұғалім–оқушы–ата-ана» бірлігін дамыту педконсилиум, ата-аналар академиясы, әкелер клубы, ата-аналардың спорттық турнирлері, т.б. іс-шаралар арқылы жүйелі жолға қойылған. Аталған шаралар ата-аналар мен лицей арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, оқушылардің отбасы өнегесімен тәрбиеленуіне үлкен ықпал етеді, ұл балалар болғандықтан әкелердің бала тәрбиесіне белсене араласуына мүмкіндік береді.

Жыл сайын 7 сыныпқа оқушылар конкурстық негізде қабылданады. Алғашқы күннен бастап шәкірттерге ағылшын тілін тереңдетіп оқытылады, өзін-өзі оқыту қабілетін жетілдіруде интербелсенді оқыту технологиялары кеңінен қолданылады, пәннің мазмұны мен тілді оқытуды кіріктіру (интеграциялау) жүзеге асырылады, отандық ұстаздарға қоса, шетелдік мамандар да жұмысқа тартылады.

Жыл сайын шәкірттеріміз тереңдетілген оқу бағдарламасын бірнеше тілде  меңгеріп қана қоймай, түрлі білім сайыстарына үлкен әзірлікпен қатысып, облыстың ғана емес, республиканың туын әлемде желбіретуде. Соңғы 15 жыл бойы мектебіміз облыстағы «Ең үздік олимпиада командасы» болып танылып келеді. Осы уақыт ішінде шәкірттеріміз 692 облыс, 195 республика және 237 халықаралық жүлделі орын еншіледі.  

2019-2020 оқу жылында 49 түлегіміз бітірді.Лицей ашылғаннан бері 1000-нан астам түлек бітіріп шықты. Оның 15 %-ы «Алтын белгі» аттестатына, 25%-ы үздік аттестатқа бітіріп, барлығы 100% Қазақстан мен шетелдердің жоғары оқу орындарына түсті, оның жартысынан астамы оқу грантына ие болды. 200-дей түлегіміз «Болашақ» және басқа да халықаралық оқу бағдарламаларымен АҚШ, Канада, Англия, Франция, Түркия, Ресей, Қытай, Жапония, Малайзия, Сингапурдың, т.б. елдер университеттерінде оқиды. Жыл сайын мектеп бітірушілердің 25-30%-ы Назарбаев университетіне түседі.

Сондай-ақ, қарағандылық лицей түлектері 2017 жылы «Made in KTL» деп аталатын түлектер қауымдастығын құрып, лицейге жан-жақты көмек көрсету, дарынды балалрады қолдау жұмыстарын жүргізуде, «Елімнің өркендеуіне қосқан үлесім» атты танымал, ерекше қонақтармен кездесу кештері тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Шапағат Қосшығұлов