Сегодня: 29.03.2024
Регистрация: в Министерстве информации и коммуникаций Республики Казахстан. Свидетельство №16307-Г от 18.01.2017 года (номер и дата первичной постановки на учет №869-Г от 16.09.1999 года)

Әйел мен ер – отбасының қос қанаты. Қазақтың дәстүрлі тіршілігінде «Түз – ердікі, үй – әйелдікі» дейді. Үйде жылулық болса, түзде тыныштық орнайды. Өмірге әйел болып келгеннен кейін отбасын құрып, аяулы ана атану міндет. Қыз-келіншек, әйел-ана, әже-кейуана тағылымы өшпес із. Бұл әйел қауымының зор құрметі. Ана - барлық өмірдің бастауы.

Иә, кез келген адамның әдептілігі мен жан-дүниесінің сұлулығы ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Бала бойындағы ең жақсы қасиеттер де ең алдымен анадан тарайды. Ана – қасиетті де қастерлі сөз. Ана есімі қашанда ардақты. Аналардың абзалдығын айту ұрпаққа аманат. Себебі адамзатты мойындатқан ғұлама-данышпан да, тарихқа есімі алтын әріппен жазылған арыстар да анадан туған. Бүгінгі таңда жас та болса көп баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты батыр аналарымыз көбейіп келеді.

21 ақпан күні қала әкімдігінде көпбалалы анаға құрмет көрсетілді.

Ұрпағының санын арттырып, ел демографиясына үлес қосқаны үшін алтын құрсақты ананы Саран қаласының әкімі Ержан Темирханов қабылдап, мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес көпбалалы анаға Алтын алқа табыстады.

Ержан Оралұлының айтуынша, шаһардың демографиялық өсімі жыл өткен сайын артып келеді. Өйткені халық санының өсуіне әйелдер қауымы үлкен үлес қосып жатыр.

Көпбалалы аналардың да қатары жылдан жылға көбейе түсуде. Солардың бірі жеті бала тәрбиелеп отырған Айман Қыдырбаева жас келіндерге үлгі. Бүгін ол алтыннан алқа тақты.

– Балаң жақсы болса – екі көздің шырағы. Атың жақсы болса – бұл дүниенің пырағы. Алған жарың жақсы болса – абыройыңның тұрағы» деп ырымдаған халықпыз. Әйелдің аялы алақаны бүкіл бір әлемді мейірімге бөлей алады. Сондықтан халық санын көбейтумен қатар, саналы ұрпақ тәрбиелеуіңізге тілекшімін, – деді қала әкімі Ержан Оралұлы.

Өзінің жүрекжарды құттықтауынан кейін шаһар басшысы көп балалы ана Айман Өсербайқызын марапаттап, кеудесіне «Алтын алқа» төс белгісін тақты.

«Президентіміздің аналарға көрсеткен құрметі мен қала басшылығы тарапынан айтылған ізгі тілектер бізді қанаттандыра түседі.

Дәл кәзіргі сәтте жүрегіме қуаныш сезімі орнап отыр. Бейбіт заманда дені сау ұрпақ өрбітіп, жайлы ғұмыр кешуіміз мемлекет басшысы мен сіздердің арқаларыңызда» – деп алғаусыз ақ ниетін білдіріп, тілектің тізгінін ағытты көпбалалы ана Айман Қыдырбаева. Іс-шара барысында ақ жарма тілектер айтылып, көп балалы ана мемлекет тарапынан ана мен балаға жасалып отырған қамқорлыққа алғысын айтты.

Сондай-ақ, оған арнайы сый-сияпат көрсетілді.

Шапағат

ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген автор

 

Надежда ЦХАЙ

Фото

Камилы Оспановой