Сегодня: 29.03.2024
Регистрация: в Министерстве информации и коммуникаций Республики Казахстан. Свидетельство №16307-Г от 18.01.2017 года (номер и дата первичной постановки на учет №869-Г от 16.09.1999 года)

Елімізде жыл сайын өз кәсібін өрістеткендер саны көбейіп келеді. Әсіресе кәсіпкерлік әліппесін меңгеруден көпбалалы аналар да қалыс қалып жатқан жоқ. Олар бизнес бағдарламасы бойынша қысқа мерзімді курстан өтіп, кәсіпкерлік негіздерін үйреніп, бүгінгі таңда өз кәсіптерін дөңгелетіп жатыр. Солардың бірі - сарандық көпбалалы ана Жанагүл Исатаева.

Жанагүл 7 баланың анасы. Күйеуі осыдан 6 жыл бұрын жол апатынан қайтыс болған. Үлкен ұлы әскерде, Отан алдындағы борышын өтеуде. Жақында ғана бір қызын ұзатып, қияға қондырды. Ортаншы баласы Абай Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлы-техникалық колледжінің 1 курс студенті. 3 баласы № 7 жалпы білім беретін мектеп интернатында жатып оқиды, тек демалыс күндері ғана үйге келіп тұрады дейді. Ал қолында Диана есімді 13 жасар қызы бар. Жүректен ауырады. Дәрігерлер мектепке баруға рұқсат бермегендіктен, № 4 жалпы білім беретін мектептің мұғалімдері Диананы үйге келіп оқытып жүрген жайы бар.

Күйеуі қайтыс болғанға дейін Жанагүл отағасысымен бірге саудамен күн көріп жүреді. Содан 2014 жылы қайғылы оқиға орын алып, жары жол апатынан көз жұмады. Қайғыға булыққан кейіпкеріміз сол уақыттарда жарының қазасын көтере алмай, ауырып, ауруханаға түседі. Оның үстіне жүректен ауыратын қызының емі бар. Біраз жылдар тағдырдың тауқыметін тартады. Отбасы асыраушысынан айырылу себебіне байланысты көпбалалы аналарға арналған мемлекеттік жәрдемақы мен мүгедек балаға төленетін жәрдемақылардың есебінен күн көріп жүреді.

Содан 2019 жылдың сәуір айында Саран қаласының жұмыспен қамту орталығына мекенжай әлеуметтік көмегін алуға жүгінеді. Сәуір айында Жұмыспен қамту орталығы шартты ақшалай көмек тағайындайды да, Жанагүлге орталықтың мамандары ары қарай жұмысқа орналасу үшін қысқа мерзімді курстардан өтуге кеңес береді. Жанагүл бірден келіседі. Оқуын тәмамдап, қазіргі уақытта жеке бизнестің қыр-сырын меңгеруде. Ол қарапайым көрпеден бастап, сырт киім, ұлттық нақыштағы костюмдерге дейін тігеді. Жақында, Жанагүл мемлекеттік грант арқылы өз тігін шеберханасына жаңа жабдық сатып алды.

Бүгінде тігін саласының шебері болған ол инемен жастайынан дос болған. Тігін өнерінің барлығын өз қызығушылығымен үйренген. Жанагүл бала кезінен-ақ шалбарлардың балағын қысқартып, киім тігуді үйренген. Сол себепті де маған оқу қиынға соқпады дейді. Сөйтіп ол тігін тігу өнерін жанына серік етті.

Ол мектеп бітірген соң, медициналық колледжде оқыған. Бірақ, оны тәмамдап үлгермейді. Себебі, ерте келін атанады. Алайда, өзінің сүйікті тігін өнерінен де қол үзбей, дамытып отырады. Ол өнері енді міне, көпбалалы ана атанғанда да өз көмегін тигізіп отыр.

Тігіншілікті кәсіпкерлік көзі деп ойламаппын. Ол мен үшін жай ғана қосымша дүние еді. Ал мемлекет тарапынан ұйымдастырылып жатқан тегін курстар мен кәсіпкерлік туралы тренингтерден өзіме пайдалы ақпараттар алдым.

Сонымен қатар, өзіме қосымша білім алдым. Жаңа клиенттер таптым. Курс аяқталған соң, мемлекеттік грантқа ие болдым. Осы гранттың нәтижесінде тігін жабдығын сатып алдым. Енді көбірек тапсырыс алуға мүмкіндігім бар дейді көпбалалы кәсіпкер ана.

- Оқу барысында маған бизнесімді қалай ашу керектігі туралы жан-жақты мағлұмат пен бағыт-бағдар берілді. Оқу аяқталған соң, өз бизнес жобамды сәтті қорғап шықтым. 500 мың теңге грант ұтып алып, өз кәсібімді ашуға бел будым. Аллаға шүкір, бүгінде үкіметке қол жаймай, өз еңбегіммен табыс тауып, бала-шағамды асырап отырмын.

Үйде де, түзде де барлығына үлгеріп жүрген көпбалалы ана жетістікке жету үшін тынбай іздену қажет екенін айтады.

- Өзім секілді көп балалы аналарға айтарым, әуелі әркімнің бойында балаларына деген жауапкершілік болуы қажет. Әлбетте, қазіргі кезде мемлекетпен қоса, қайырымды жандар көмек қолын созып жатқаны нұр үстіне нұр. Бірақ тек олардан ғана көмектің келуін күтіп, қол қусырып отырмай, «балаларды асырау үшін не істеу қажет?» деген сауалға үздіксіз іздену керек деп ойлаймын.

Жанагүл Исатаеваның ендігі арманы – осы кәсібінің ауқымын кеңейтіп, үлкен тапсырыстар алу. Көпбалалы ана мемлекетке масыл болмай, еңбек етіп, кәсібін дамытып, бала-шағасына жарқын болашақ сыйлағысы келеді.

- Балаларымның сабақ үлгерімі жақсы. Болашақтарынан үлкен үміт күтемін. Перзенттерім үшін ештеңеден аянбаймын. Бастысы олардың тамағы тоқ, киімдері бүтін. Күнделікті қажеттіліктерімен қамтамасыз етіп отырамын. Көмек сұрап, ешкімге қол жаймаймыз.

Түйін. Қазіргі уақтағы қазақ ақпарат кеңістігіндегі ең актуалды мәселелердің бірі ана мен бала тақырыбы болса, соның ішінде көп балалы аналардың талап-уәждері мен оны шешуге бағытталған мемлекеттік саясаттың жай-жапсарын жазу біздің міндет.

Мемлекет көп балалы аналарға қарайласпай отыр деп ауызды қу шөппен сүртуге және болмас. Өйткені, Үкіметтік масштабта атқарылып жатқан көп балалы аналарды қолдауға бағытталған саясат бірте-бірте жемісін беріп келеді. Соның жарқын үлгісі, жоғарыдағы көп балалы ана – Жанагүл Исатаева. Жанагүлдің мемлекет қолдауының арқасында өз кәсібін дөңгеліп отырғаны жалғыз мысал емес. Газетіміздің алдыңғы сандарында Жанагүл секілді өз кәсібін бастап жатқан аналар туралы осының алдында жазылған еді.

Мемлекеттік қолдау арқасында ешкімге алақан жаймай, кәсіп бастап жатқан Жанагүлдің мысалы өзге де қолдауға мұқтаж аналарға мотивация болады деп сенеміз...

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ