Сегодня: 20.04.2024
Регистрация: в Министерстве информации и коммуникаций Республики Казахстан. Свидетельство №16307-Г от 18.01.2017 года (номер и дата первичной постановки на учет №869-Г от 16.09.1999 года)

Саран көшелерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары басталғаны белгілі. Қыс бойы ойылған шұңқырлар жамалуда. Алайда, кестеге сай жұмыстар жүргізіліп жатқанымен, ісіне салғырт қарайтын мердігер компаниялар да жоқ емес. Осы мәселені шешу мақсатында қалалық мәслихат депутаттары жөндеуге жауапты мамандармен бірге қаланы аралап, мердігерлермен көшпелі отырыс өткізді.

Осылайша, 20 мамыр күні қалалық мәслихат депутаттары Шәріп Исенов, Жанбол Жаяубаев пен Юрий Лютовтар қалалық мәслихат пен Саран қаласының тұрғын-үй шаруашылығы, автомобиль жолдары, жолаушылар көлі және тұрғын-үй инспекциясы бөлімінің жауапты өкілдерімен бірге қаланы аралады.

Жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысу кезінде мердігерлер тарапынан бұзушылықтар анықталмады. Бірақ халық қалаулыларында орындалған жұмыстардың көлемі жөнінде сұрақтар туындады. «Аз істесеңде, сапалы істе» демекші, мердігер компаниялар біздің жолдардың барлық шұңқырлары мен жол шұқанақтарын қамтыса дейді халық қалаулылары.

Депутаттар алдымен Рабочая көшесіндегі жолда жүріп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысып қайтты. Аталған көшеде жұмыс қарқыны енді басталып жатыр. Көшпелі отырыс барысында депутаттар өз ескертулері мен ұсыныстарын айтты. Қарағандыға қатынайтын басты жолдың өзі жөндеуден өткізілгенімен, үй ауласына кіретін жолдар мүлдем қарастырылмаған. Себебі, бұл Рабочая көшісінде орташа жөндеу ғана қарастырылған. Яғни, аулаға кіретін жолдар жобада есепке алынбаған. Мердігер компания «Улар МК» ЖШС.

Одан кейін халық қалаулылары «Қарағанды Жол Құрылыс» ЖШС жөндеп жатқан шаһардағы «Карагандинская», «Волынская», «Озерная» көшелеріндегі жолдарды жөндеу барысымен танысты. Бұл жерлердегі жұмыстың орындалуы бойынша олқылық таппаған депутаттардың мердігердің жұмысына көңілі толды.

Одан бөлек мәслихат депутаттары шаһардағы дезинсекция және дезинфекциялау жұмыстарының барысымен де танысты. Аталмыш жұмыстармен айналысып жатқан «Саян» ЖК өкілімен аз-кем сұхбаттасып, сұрақтарына тиісті жауаптарын алған халық қалаулылары мердігер компанияның жұмысына оң баға берді.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ