Сегодня: 29.03.2024
Регистрация: в Министерстве информации и коммуникаций Республики Казахстан. Свидетельство №16307-Г от 18.01.2017 года (номер и дата первичной постановки на учет №869-Г от 16.09.1999 года)

Мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламалары баспаналы болудың ұтымды жолы. Шаһарда салынып жатқан  нысандар құрылысының барысымен танысу кезінде Саран қалалық мәслихат депутаттарынан құрылған топ осылай деді. Бұл ғимараттар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы мен «Құтты мекен» ұлттық жобасы аясында салынуда.

27 мамырда «Nur Otan» партиясының бақылаушылары құрылысы енді басталған 1 «а» ықшам ауданындағы көпқабатты тұрғын үй мен № 4 жалпы білім беретін мектебі орналасқан ғимараттың жанынан салынып жатқан спорт залдағы жұмыстардың барысымен танысты. Аталған нысандарды аралап, құрылыс қарқынымен танысқан депутаттар мердігер компанияның өкілдерімен тілдесіп, ең бастысы сапаға мән беру керектігін алға тартты.

1 «а» ықшам ауданында көпқабатты екі үй  салынбақ. Қазіргі уақытта 5 қабатты 100 пәтерлі   үйдің іргетасын монтаждауға арналған қазаншұңқырды қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр.  Бұл жерде салынатын көпқабатты үйлердің құрылысына жалпы сомасы 600 млн. теңгені құрайтын қаражат бөлінген екен. Оның жартысы облыс бюджетінен бөлінсе, қалған жартысы қалалық бюджеттен қарастырылған. Жалпы құрылыс жұмыстарының аяқталу уақыты 7 ай деп жоспарланып отыр. Бірақ барлығы қаржыландыруға байланысты болатынын да еркерген жөн дейді «Саран қаласының  құрылыс бөлімі» ММ өкілдері.

Партиялық бақылау комиссиясының  мүшелері барған екінші нысан -  № 4 жалпы білім беретін мектебінде салынып жатқан спорт залы. Құрылыс нысаны мектеп ғимаратының қасында, дәлірек айтқанда ғимараттың артқы жағында орналаспақ.  Мердігер компания «Аспап» өндірістік кооперативінің техникалық директорының сөзінше алаңда жұмыс күші жеткілікті, сондықтан да Жұмыспен қамту орталығы арқылы құрылыс жұмыстарына адамдар тарту қажеттілігі жоқ. Сонымен қатар, бұл жерде жүргізілетін жүмыстар кәсіби біліктілікті талап етеді. Сондықтан біз өзімізбен бірге білікті құрылысшы мамандарды алып келіп отырмыз дейді. Спорт залын салуға жалпы сомасы 151 млн. теңге қаражат бөлінген екен. Егер ауа райы құрылыс жұмыстарына кедергі келтірмейтіндей қолайлы болатын болса, спорт залын оқу жылының басталуына дейін аяқтаймыз дейді мердігер компания өкілі.

Халық қалаулылары мердігер компания өкілдеріне салынатын көпқабатты үйлердің пәтерлерінің шаршы метрінің бағасы мен құрылыс сапасына назар аударуды және ол қарапайым тұрғындар үшін қолжетімді болуы қажет деп кеңес берді. Әлеуметтік нысандарда басым бағыт инфрақұрылымға берілуі керек.

Мердігер компаниялардың өкілдері ұсыныстар мен өтініш, тілектерді тыңдап, мәселелердің ескерусіз қалмайтынын атап өтті. Бастысы, мемлекеттік бағдарламалар аясындағы бөлінген қаражаттың барлығы сарандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы тиіс.

Барлық салынып жатқан нысандардың құрылыс жұмыстары биыл және келер жылы аяқталады. Шаһар тұрғындарының көптен күткен көпқабатты үйлері мен спорт залының құрылысы барысы мен сапасы жіті бақылауда.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ