Сегодня: 23.04.2024
Регистрация: в Министерстве информации и коммуникаций Республики Казахстан. Свидетельство №16307-Г от 18.01.2017 года (номер и дата первичной постановки на учет №869-Г от 16.09.1999 года)

6 шілде – астаналықтар үшін ғана емес, бүкіл қазақ жұрты үшін айтулы күн. 1997 жылы 10 желтоқсанда Мемлекет басшысы ел астанасының Ақмолаға ауысқанын ресми түрде жариялады. Ал бас қаланы көшіру идеясы 1994 жылдың дәл осы күні көтерілген еді.

Дегенмен, 90-жылдардың басында елор­даны тұрғызу қиял секілді көрінгені рас. Жаңа астананы салу үшін қыруар қаржы, мол инвестиция қажет-ті. Нұр-Сұлтанды әлемдегі әсем шаһарлардың біріне айналдыру жоспары алғашқы сәттен бастап жүзеге асырыла бастады. Бас қаланы салуға отандық және әлемдік сәулет­шілер бірдей тартылды. Уақыт өте келе қиялдағы дүние шындыққа айналып, ерке Есілдің бойында ертегідегідей қала пайда болды. Бүгінде ол адам танымастай өзгерді. Жастарды болашаққа бастайтын бас қала өнер, білім-ғылым мен мәдениеттің ордасына айналып үлгерді.

Қысқа мерзім ішінде сән-салтанаты келіскен сәулетті шаһар тұрғызу, Нұр-Сұлтанды абаттандырып, ажарын айшықтау – Елбасының ерен еңбегінің жемісі деп бағалауға болады. Бұл туралы Елбасы: «Астана – бұл менің төл перзентім. Әр адам, тегінде өз қаласын сүйетін шығар. Ал біз өзіміздің жас қаламызды үш есе артық сүйеміз. Өйткені, біз оның құрылысын тақыр жерден бастадық. Мұндағы әрбір жаңа мүйіс, әрбір жаңа ғимарат біздің жүрегімізден шыққан. Себебі олар туған сәтінен бастап біздің көз алдымызда», – дейді бір естелігінде.

Нұр-Сұлтанның сәулеткерлік тұжырымдамасын жасау барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елордада батыс пен шығыстың мәдени дәстүрлері үйлесім тапқан ерекше еуразиялық стиль  қалыптастыру идеясы негізге алынған. Еуразия жүрегіндегі бас шаһарды Еуропа мен Азияның тұжырымдалған баламасы деп таныған жөн. Себебі, елорданы салуда осындай архитектуралық бағыт-бағдар көрініс тауып келеді. Сәулеті жөнінен бас қаламыз осындай құндылықтарымен ерекшелене түседі. Алғаш қаланың іргетасы қалана бастағанда Елбасы «кез-келген сәулетші өзінің тың идеясын көрсетсін. Біз оны Астанада салуға тырысамыз» деген еді. Арқа төсінде өз қолтаңбасын қалдыруға ерінбей еңбек еткендер көп. Шет ел мамандары мен тәжірибе алмасу барысында өзіміздің сәулетшілер мен құрылысшылар көп нәрсені үйренді. Ол өз нәтижесін көрсетті. Қаншама әсемдігі көз тартар ғимараттар өмірге келді.

Ел ордасы әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеу жолында өз мақсат-мүддесін орындады.

Енді тұрақтылық пен ынтымақтастықтың, достықтың символы болған Нұр-Сұлтанның осы жылдар ішіндегі адуынды асуларына тоқталып өтсек.

Бүгінгі таңда Елорда түрлі халықаралық деңгейдегі шараларды өткізетін орталыққа айналғаны баршаға аян. Оның ішінде, мемлекеттер арасындағы қақтығыстардың, келіспеушіліктердің келелі кеңесі осы бас қалада нәтижелі шешімін табуда. Бұл әлем қауіпсіздігін қамтамасыз етуде еліміздің елеулі орны бар екенін білдіреді. Бұл тұста, Елордамыз Еуразия мен Солтүстік Америкадан 56 елдің мемлекет пен үкімет басшыларын жинаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының ХХІ ғасырдағы алғашқы саммиті өткізілген жер ретінде жаһандық тарихқа енгені белгілі. Мұнан бөлек, VІІ Азия ойындары бас қалада жоғары талапқа сай ұйымдастырылып, Бүкіләлемдік туристік ұйымы Бас ассамблеясының XVІІІ сессиясы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің XXXVІІІ сессиясы қабылданды. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі де тұрақты өткізіліп келеді. «EXPO-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі жоғары деңгейде өткізілгеннен кейін бүкіл әлем бас шаһарды креативті «Жасыл қалаға» балайды. Айта берсе, даму стратегиясы айқын елдің рухани орталығы, инновациялық өзегі саналатын Нұр-Сұлтанда айтулы шаралар жиі өткізіледі. Олардың ел үшін, оған қоса әлем халқы үшін маңызы жоғары екені тағы да айқын.

Осындай 22 жылда түрлі белестерді еңсерген Елорда көптеген жетістіктерге жетті. Атап айтқанда, 1999 жылы Нұр-Сұлтан ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығына лайық деп танылса, 2011 жылы «ТМД мен ЕурАзЭҚ-тың үздік қаласы» халықаралық байқауының жеңімпазы атанды. 2012 жылы Қазақстанның бас қаласы «ТМД мен Түркі әлемінің мәдени астанасы» құрметті миссиясын табысты орындап шықты.

Жалпы айтқанда, 22 жыл ішінде өрісі кеңейіп, өркендеген Нұр-Сұлтанның «Ұлы дәуірі» бастау алып, көркею кезеңі жалғасуда. Халықаралық ынтымақтастық қаласына айналған бас қала ел мерейін өсіріп, айбынды мемлекеттің абыройын асқақтатуда.

Елорда күні – тәуелсіз ел тарихындағы айрықша мейрам. Өйткені бұл қала – тәуелсіздігіміздің символы, ел дамуының локомотиві және барша қазақстандықтың ортақ мақтанышы.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ