Сегодня: 29.03.2024
Регистрация: в Министерстве информации и коммуникаций Республики Казахстан. Свидетельство №16307-Г от 18.01.2017 года (номер и дата первичной постановки на учет №869-Г от 16.09.1999 года)

Іргесі берік, бірлігі бекем елдің берекесін кетірер теріс дін, кереғар көзқарас - қоғамның дауасыз дерті. Ақ пен қара алмасқан аумалы-төкпелі заманда жат ағымның жетегінде жүргендер жетіп артылады. Әсіресе, өресіздіктің құрығына жастар жағы тез түсуде. Діни жікшілдік әлемнің кейбір аймақтарында қанды қақтығыстар мен жанкештілік әрекеттердің жиілеп кетуіне де сеп болды.

Ал негізінен дін арқылы адамдар арасындағы рухани байланыстан, ұлтаралық келісім мен қоғамның беріктігі, адами құндылықты, салт-дәстүрді сақтаудың ең жақсы мүмкіндігін көре білуіміз қажет. Ұлттық мәселелердің дұрыс шешілуі Қазақстанның халықаралық қауымдастықта лайық орынға ие болуына, әлемдік өркениеттің горизонттарынан орын алуға мүмкіндік береді. Алайда, бүгінде діни экстремизм қоғамда балаң алуда. Экстремизм бұл әруақытта әр қалай көрініс беретін өте күрделі құбылыс. Оған анықтама беруде эксперттік ортада әртүрлі түсінік бар.

Ал енді осы экстремизмге қарсы күрестің бірден-бір жолы-олар туралы өз уақытында шынайы мәлімет беру. Бұл жерде, әрине, күнделікті ақпарат кұралдарының рөлі өте жоғары. Әйтсе де, жасөспірім балалар үшін ақпарат кұралдарының  беретін мәліметі де жеткілікті емес. Секталардың, экстремистік топтардың қаупі туралы жастарды көбірек хабардар етіп отыру қажет деп ойлаймын.

Осы мақсатта, яғни, бүгінгі күннің осынау көкейтесті мәселелерінің бірі бойынша Саран қаласының Жастар ресурстық орталығының жастар ісі жөніндегі инспекторы, дiнтанушы-заңгер Серік Тлекбаев орталықтың инстаграм парақшасында тікелей эфир арқылы баяндап берген еді.

Іс-шараның мақсаты – экстремизм, терроризм, радикализм терминдеріне түсінік беру, Қазақстан Республикасындағы лаңкестікпен қарсы күрестің құқықтық негіздері, қазіргі таңдағы ахуал жайында мағлұмат беру. Жас ұрпақты өмір қауіпсіздігі, жанашырлыққа, бейбіт рухтағы адами қасиеттерге тәрбиелеу.

Серік Қуатұлы тікелей эфир барысында діни экстремизм мен оған әкелетін себеп-салдарды жою мәселесі төңірегінде әңгіме қозғап, бүгінгі таңдағы мемлекеттік органдармен, қоғамдық бірлестіктермен діни экстремизмнің алдын алу бойынша қандай шаралар атқарылып жатқандығымен бөлісті.

Себебі діни экстремизмге қарсы іс-қимыл мен оның алдын алу шаралары қазақстандағы мемлекеттіксаясаттың ең басты бағыттарының бірі дейді жастар ісі жөніндегі инспектор Серік Қуатұлы.

Ол үшін бізде заңнамалық базалар жетілдіріліп, көптеген мемлекетік бағдарламалар қабылданып, тиісті мемлекеттік және қоғамдық органдар құрылған және олар қазіргі уақытта осы бағыттағы өз жұмыстарын тиісті деңгейде жүзеге асыруда дейді ол.

Саран қаласының Жастар ресурстық орталығының жастар ісі жөніндегі инспекторы Серік Тлекбаев діни экстремизм туралы қысқаша ақпарат беріп, оның қазіргі заманда болжауы қиын қауіпті құбылыс екенін жеткізді.

«Экстремизм термині шектен тыс көзқарастар мен әрекеттерді ұстану, қоғамдағы тәртіп пен нормаларды жоққа шығару ретінде анықталады. Экстремизм бұл әруақытта әр қалай көрініс беретін өте күрделі құбылыс. Экстремизм қоғамдық сана, қоғамдық психология, қоғамдық идеологияға әсер етуімен қатар, түрлі әлеуметтік топтарға да өз ықпал етіп, білгілі бір мемлекеттің қалыптасқан қоғамдық құндылықтарына қарсы әрекет етуде. Оларды атап өтетін болсақ, әлеуметтік экстремизм, этникалық экстремизм және діни экстремизм. Біздің бүгінгі көтеріп отырған мәселеміз де осы діни экстремизм.» -, деді экстремизм түсінігіне анықтама бере отырып Серік Қуатұлы.

Экстремистік діни ұйымдардың іс-әрекеті кең ауқымды әрі сан алуан әдістерді қамтиды. Олар өз мақсаттарына жету үшін қолдарындағы барлық құралдар мен әдістерді – заңдыдан заңсызға дейін, тіпті террорлық түрін қолдануға әзір. Мысалы, экстремистік ұйымдардың мүшелері кейбір мемлекеттер аумағында жариялы түрде қызмет етсе, кей жерлерде заңсыз, жасырын әрекеттерге көшу арқылы, сол елдің ресми билігі тарапынан қудалануға ұшырайды. Мұндай ұйымдар, экстремистік діни құрылымдар деструктивті сипаттағы мақсаттарды алға қойып, елдің конституциялық құрылысын күшпен өзгертудi, оның егемендігі мен аумағының тұтастығын бұзуды, өкiметтi күшпен басып алуды, заңсыз әскерилендiрілген құралымдарды құруды, сондай-ақ қоғам ішінде діни өшпенділіктер мен алауыздықты қоздыруды көздейді дейді ол.

Бұдан бөлек ол қазіргі қоғамдағы діни ахуалға сипаттама жасады, қазақ қоғамын жайлап бара жатқан түрлі ағымдар, олармен күресу, сақтану жолдары турасында айтып берді. Ислам және лаңкестіктің бір-біріне қарама-қайшы ұғым екендігін түсіндірді. Сондай-ақ, халықтың діни сауаттылығын көтерудің маңыздылығына баса назар аударды.

Белгілі болғандай, діннің қоғам өміріне ықпалы орасан зор. Өйткені дін қоғамның, әрі оны құрайтын жеке тұлғаның санасы мен көзқарастарын, әрі халықтың рухани-мәдени құндылықтарын, ұстанымдары мен салт-дәстүрлерін қалыптасуына тікелей әсер етеді. Сондықтан діни идеология қоғамдық санаға күшті ықпал етуі мүмкін. Тіпті, діндар қоғамды біріктіретін немесе ыдыратуға қауқары жететін қуатты идеологиялық тетікке айналмақ.

Жат діни ағымдардың іс-әрекеттеріне, экстремизмге тосқауыл қоюдың ең негізгі құралы ол – профилактика, яғни ақпараттық-насихат жұмыстарының тиімді жүргізілуі. Ал аталмыш шараның өткізілуі жастардың діни сауаттылығын арттыруға зор үлес қосары анық.

Шапағат

ҚОСШЫҒҰЛОВ