Сегодня: 20.09.2021
Регистрация: в Министерстве информации и коммуникаций Республики Казахстан. Свидетельство №16307-Г от 18.01.2017 года (номер и дата первичной постановки на учет №869-Г от 16.09.1999 года)

Қазіргі төтенше жағдай кезіндегі баса көңіл бөлетін мәселенің бірі – өндірістік кәсіпорындардағы жұмыс орындарын сақтап қалу. Бүгінгі қиыншылық кезінде нан жеп отырған жұмысынан айырылған адамнан өткен бейбақ жоқ Және де мұның кесірі ең алдымен әлеуметтік тұрақтылыққа тиеді.

Міне, осы өзекті мәселенің алдын алу үшін Саран қаласының басшылығы қолдағы бар мүмкіндіктің бәрін қарастырып, жан-жақты шаралар қабылдап жатыр. Осының бір мысалы ретінде, Саран қаласының әкімдігі мен шаһардағы алдыңғы қатарлы ірі өндірістік кәсіпорындардағы өндірістік процестерді тұрақтандыру, еңбек құқықтарын қамтамасыз ету және қызметкерлерді жұмысқа орналастыру мәселелері жөніндегі өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойған іс-әрекетін айтуға болады.

Ірі кәсіпорындар демекші, бұлардың қатарында «Kazcentrelectroprovod» ЖШС, «Евромет» ЖШС, «Sunpaper» ЖШС, «Карал plast» ЖШС сынды кәсіпорындары бар. Жалпы, меморандумға осы аталған 4 кәсіпорын қол қойды. Сондай-ақ, ірі өндірістік кәсіпорындар Саран қаласындағы шағын және орта бизнес саласындағы өндірушілерді қолдауға даяр екендіктерін білдірді. Соның нәтижесінде тауар сатып алу, жұмыс және қызмет көрсетуге тапсырыс беру арқылы аймақтағы экономиканың дамуы мен әлеуметтік тұрақтылықты сақтап қалуға септігін тигізетін бірқатар меморандумдарға қол қойылды.

Кездесу барысында шаһардағы әлеуметтік, еңбек саласының әлеуеті талқыланып, әлеуметтік әріптестік аясында бірлесіп атқарылатын бірқатар шаралар белгіленді.

«Жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау бірінші кезекте кәсіпорындар мен ұйымдардағы кәсіподақтармен жүзеге асырылады. Біздің басты мақсат – кәсіподақтар қозғалысының тірегі болып табылатын бастауыш кәсіподақ ұйымдарының санын арттыру. Саран қаласының кәсіпорындарында жағдай тұрақты, әлеуметтік пакеттері толық, жұмыскерлерге жағдай қарастырылған. Осы себепті аталмыш кәсіпорындардың басшылығына алғыс білдіремін», - деп атап өтті қала басшысы Ержан Темирханов.

Осы игі шаралардың нәтижесінде, меморандум бойынша мойнына міндеттеме алған кәсіпорындардағы жұмыс орнын сақтап қалуға мүмкіндік туды. Бұл жай ғана құрғақ сөз, құнсыз құжат емес. Меморандумда келісілген шарттардың орындалуын қала әкімдігі үнемі қадағалап отырады. Меморандумдардың мазмұны шаһардың алдында тұрған әлеуметтік-экономикалық міндеттерді есепке ала отырып түзілген. Егер де өндіріс көлемі азайып, еңбеккерлер жұмысынан айырылып қалар күн туып жатса тараптардың, атап айтқанда, атқарушы билік, жұмыс беруші және кәсіподақтардың іс-әрекеті меморандум құжаттарында тайға таңба басқандай етіп көрсетілген.

Яғни, бүгінгі күнде меморандум – өндірістік даму мен әлеуметтік тұрақтылықтың ара жігін ажыратпай ұстап тұрған құнды да маңызды құжат.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ